Білім

Қозыбаев университетінің 1000 талапкері грант иегері атанды

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да құжат қабылдау жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Биыл қара шаңырақта білім алуды көздеген 1000 талапкер грант иегері атанды. Оның 500-і Аризона университетімен бірлесе қолға алынған бағдарламаларға бөлініп отыр. Осыдан болу керек ағымдағы жылы Петропавлды өзге облыстардың бірсыпыра ұл-қызы таңдапты.

ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:

– Биыл бізге жан-жақтан студенттер келіп жатыр. Астанадан 22 бала түспек. Алматыдан, Шымкенттен келе жатқан талапкерлер бар. Олардың ұпайлары өте жоғары.

Ұпай демекші, биыл Қостанай қаласындағы НЗМ-ның түлегі Қозыбаев университетіне түспек. Ол тестілеуде 140 ұпайдың 139-ын жинапты. Грантқа түскен студенттер ата-анасына салмақ салмайды әрі шәкіртақы алады. Айтпақшы, алдағы 1-ші қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік степендия мөлшері өседі. Мұндай оң өзгеріс ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында орын алып отыр.

ДИНАРА АЛИМОВА, ҚР Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы:

– Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы – 20%-ға, магистранттар мен докторанттардыкі – 15%-ға, ал ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 1 жарым есеге артады. Сонымен қатар, келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өсетін болады.

 

Байболат Култанов