Денсаулық сақтау

СҚО қатерлі дертті ерте сатысында анықтау бойынша алдыңғы орында

Әріптестікті нығайту мақсатындағы конференция. Өңірге Омбы қаласындағы патоморфологиялық “Клиникалық онкологиялық диспансері” зертханасының ақхалаттылары келді. Аталған мекеменің тегеуріні мықты. Ресейде үздік ондыққа кіреді. Соңғы үлгідегі жабдықтар қойылған. Ем-дом шараларында жаңа технологиялар қолданылады.

СЕРГЕЙ ГЛАТКО, патоморфологиялық “Клиникалық онкологиялық диспансері” зертханасының патология бөлімінің меңгерушісі, РФ:

– Қолда бар мүмкіндіктер бізге тек өз облысымыздың ғана емес көршілес – сіздердің аймақтарыңыздағы науқастарға да қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Петропавлдағы онкологиялық орталық осыны ескеріп, науқастарға жол сілтесе дейміз. Морфологиялық диагностика онкологияның негізі болып табылады. Мұны дамыту арқылы ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде біз молекулалық генетика сатысына шықтық. Ол белгілі бір препараттарға тәуелді. Дәрілердің ем-дом кезіндегі әсері жоғары.

Жиында Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері Сергей Глатко теріскейлік дәрігерлерге осыны баян етті. Ескеру қажет, теріскей өңірінде де бұл бағытта ілгерілеу бар. Оған статистика дәлел. Өткен жылмен салыстырғанда биыл онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау 7%-ға өскен. Ел бойынша бірінші орындамыз.

ОЛЕГ ДУДЯК, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының директоры:

– Ауруға шалдығу және өлім-жітім көрсеткіші әркез бірге жүреді. Қазір бойынан дерт анықталған азаматтардың саны көбеюде. Бірақ, кеселден қайтыс болатындар айтарлықтай азайды. Себебі, жаңа технологиялар пайда болуда. Осы ретте морфологтардың еңбегі орасан. Ауру анықталып, зерттеледі. Бұрындары емделуі мүмкін емес боп көрінген кеселге қазір дәрілер шипа болуда.

Осы ретте ауруды ерте сатысында анықтау аса маңызды. Мұндай жағдайда кеселді бір ғана сәулемен жоюға болады екен. Жалпы, бүгінгі таңда облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығында 11 мыңға тарта солтүстікқазақстандық есепте тұр.

 

Алдияр Айтпаев