Білім

Шағын жинақты мектептердің педагогтары курстан өтуде

Тамыздың 14-і күні Қазақстанда алғаш рет шағын жинақты мектептерде оқу процесін цифрландыру курсы басталды. Бастама еліміздің 6 өңірінде қолға алынды. Олар: Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қатысушылардың жалпы саны 5 мыңнан асып жығылады.

ЛЕЙЛА ӘЛМАҒАМБЕТОВА, “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– СҚО-да 833 педагог қатыспақ. Оның 304-і – мектеп басшылары, қалған 529-ы – ұстаздар. Қазір өңірімізде 454 мектеп бар. Оның 352-сі – шағын жинақты мектеп.

Өрлеу орталығында біліктілікті арттыру курсы бірнеше кабинетте өткізіліп жатыр. Оқытушылар – көп ішінен таңдалған білікті мамандар. Олар 2 апта көлемінде дәріс оқиды, саланың бүге-шүгесін түсіндіреді. Курс соңында әр қатысушыға сертификат табысталмақ. Бұл құжатты алатындардың бірі – тимирязевтық Қайыржан Сағымбаев.

ҚАЙЫРЖАН САҒЫМБАЕВ, Дмитриевка орта мектебінің директоры, Тимирязев ауданы:

– Біздің мектеп 81-ші жылы ашылды. Қазір 71 бала білім алады. Бүгінде мұғалімдер интернетке кіріп, сабақты жақсы өткізуге тырысады. Неге десеңіз, балалар білім алғысы келеді.

Қоса кетейік, шағын жинақты мектептерде оқу процесін цифрландыру курсы қаламыздың 2 мектебі мен 5 ауданда да өткізіліп жатыр. Оқыту шарасы қыркүйек айының соңында аяқталады.

 

Байболат Култанов