Қоғам

Кішкенекөл ауылында 528 млн теңгеге бассейн салынып жатыр

Ауыл ішіндегі бассейн. Көп жерде кездеспейтін бұл жаңашылдық Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында орнатылмақ. Жауапты мердігер – “ALTYN LTD” серіктестігі. Шілде айының соңында басталған құрылысқа республикалық бюджеттен 528 млн теңге бөлініпті. Қазір бассейннің 30%-ы дайын.

АЙДАР ШЕРДЕБАЙ, учаске бастығы:

– Қазіргі кезде бассейннің фундаментін құйып қойдық. Оған 25-30 адам мен 5-6 техника тартылды. “Кармикс” деген техникамен бетон құйдық. Бұл техника пропорциясын – бәрін өзі реттеп, салып отырады екен компьютермен. Қазір А блогын аяқтап, Б блогына көштік. Керек материалдардың барлығы түгел.

Жабық бассейннің ұзындығы 25 метр, ені 9, ал тереңдігі 2 метрді құрамақ. Бұл құрылыс ауыл тұрғындарына пайдалы болмақ. Себебі, ауыл маңында жазда шомылатын өзен-көл жоқтың қасы. Тұрғындар суға түсу үшін 2 сағаттық жол – Бурабайға баруларына тура келеді дейді бейінді бөлім басшысы Амангелді Қойшыбаев. Аптасына құрылыс барысына 2-3 рет бақылау мен тексеріс жұмыстары жүргізіледі екен.

АМАНГЕЛДІ ҚОЙШЫБАЕВ, Уәлиханов аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Біздің ауылдың маңында суға түсетін жер болмағандықтан осындай идея ойымызға келді. Жоба бойынша бір ауысымда 200 адам қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бассейннің дәл жанына тренажерлық зал саламыз. Оның жұмысы енді басталып жатыр.

Жалпы, құрылыс жұмысы 9 айдың ішінде аяқталуы керек. Дегенмен, өңірге қыс ерте түсуінен жұмысшылар үлгермеулері мүмкін. Демек, келесі жылдың жазында қолданысқа беріледі.

 

Ақжүніс Мұқатай