Қоғам

Студенттік жатақханалардың жайы тексерілуде

Облыс орталығындағы жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің жатақханасы. Нысан осыдан 50 жыл бұрын, яғни 1973-ші жылы салынған. 270 студентке шақталған мекеме жаңа оқу жылына сақадай сай. Жылдағыдай дәліздер әктеліп, сырланған. Ал бөлмелерді жастар жөнге келтірген.

Бүгін жатақхана жайын білу үшін мұнда “АMANAT” партиясы жанындағы “Jastar Ryhy” жастар қанатының мүшелері келді. Жағдаймен облыстық мәслихат депутаты Ирина Эктова да танысты. Көпшілік мекемені толық аралап, проблемаларға көз жүгіртті. Мәселелерді жатақхана меңгерушісі Раиса Зорина жіпке тізді.

РАИСА ЗОРИНА, жоғары құрылыс-экономикалық колледжі жатақханасының меңгерушісі:

– Мекеменің элект желілері толығымен тозған. Ауыстыру керек. Жатақхананың едені, қабырғалары мен төбесі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Линолеумды да ауыстыру қажет. Оның астында ағаш сәкі жатыр. Жүрген сайын ойнақтайды. Сантехника да тозған. Жылыту жүйесіне де жаңашылдық қажет. 50 жылда тек терезелер салынып, шатыр жөнделді. Қалғаны сол қалпы тұр.

Жатақханада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар тегін тұрады. Қалғандары айына 6300 теңге төлейді. Жаңа оқу жылында мұнда орналасуға әзірге 220-ға тарта студент өтінім берген. Жалпы, мекемелерді тексеруге кіріскен жандар шараны барлық оқу орындарына қарасты жатақханаларда өткізбек.

БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, “Jastar Ryhy” ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Әрбір жатақханада мәселелер бар. Мониторинг барысында оны анықтаймыз. Туындаған мәселелерді білім басқармасы және мекеме басшылығымен шешетін боламыз. Әрбір осындай шара қорытындысы бойынша облыстық білім басқармасына немесе министрлікке арнайы хат жолдайтын боламыз.

Жалпы, облысымызда 25 студенттік жатақхана бар. Оларды тексеру жұмысына аудандардағы жастар да жұмылдырылады. Мониторинг тамыз айының соңына дейін жалғасады.

 

Алдияр Айтпаев