Спорт

Өрт сөндірушілер арасындағы жарыс

Бүгін облыс орталығында өрт сөндірушілер арасында тартысты жарыс басталды. 13 ауданның намысын ту етіп келген мамандар өрт-құтқару спортынан сынға түсуде. Тартысты бәсеке шымылдығы қызықты әрі қауіпті сайыстан басталды. Ортада Ғ.Мүсірепов, Ақжар, Аққайың, Шал ақын ауданының өкілдері. Төрешінің баста деген бұйрығынан кейін қолдарында сатысы бар жігіттер жүгіре жөнелді. Кейін биіктігі 25-30 метр болатын мұнараға өрмелеп, өзара мықтыны анықтады. Сынақтан шалақындық Ермахан Кәкімов сүрінбей өтті. Жалынды жас межені 34 секундта бағындырды.

ЕРМАХАН КӘКІМОВ, №6 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, Шал ақын ауданы:

– Өрт сөндіру қызметінде жүргеніме 2,5 жыл болды. Спорттық іс-шараларға тұрақты түрде қатысамын. Күрестен және жекпе-жектен облыстық жарыстарға қатыстым. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әріптестерім де мықты дайындықпен келіпті.

Ал Мамлютка қаласындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Нұрлыбек Мұстафин мұнараны 25 секундта еңсерді. Азамат бұл жарысқа 10 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Сайыстардың қыр-сырымен жерлесіміз жақсы таныс.

НҰРЛЫБЕК МҰСТАФИН, №15 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, Мамлют ауданы:

– Командамыз жарыс алдын екі апта дайындалды. Орташа деңгейде дайындалып келдік. Бір ай бұрын “Үздік қарауыл бастығы” жарысына қатыстым. Өкінішке қарай, орын ала алмадым. Дегенмен, үздік ондыққа іліктім.

Облыс орталығындағы жарысқа қатысып жатқан жандардың барлығы дерлік өз бөлімшелерінің мықтылары. Бүгін өздерін жақсы қырынан көрсеткен азаматтар ертең облыс намысын республикалық сайыстарда қорғауға мүмкіндік алады. Жалпы, бәсеке екі күнге созылады. Мұнараға мінуден кейін қатысушылар 100 метрге жүгіріп жарысады. Ал ертең “Жауынгерлік қанат жаю” сайысы өтеді.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД өрт сөндіру және АҚЖ ұйымдастыру бөлімінің бастығы:

Жауынгерлік қанат жаю дегеніміз: өрт сөндіру көлігіне су бүркетін құралдарды жалғау. Одан кейін арнайы нысанға су құйылады. Сол кезде орнатылған шамда жарық жануы керек. Қатысушылар бұл жұмысты мейлінше аз уақытта тыңдырулары керек.

Қос күнге созылатын жарыста 72 солтүстікқазақстандық сынға түседі. Мықтылар ертең марапатталады.

 

Алдияр Айтпаев