Ауыл шаруашылығы

Өңірде егін орағы басталды

Облыста егін орағы басталды. Осыған орай Тайынша ауданында Дала күні аталып өтті. Іс-шараға келгендер ең алдымен Тайынша ауданындағы егіс алқаптарын аралады. Өңір жетекшісінің бірінші бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов орақ науқанының басталуымен танысып, жергілікті диқандармен тілдесті.

– Орақ науқанына қатысты қандай да бір мәселелер бар ма?

– Жалпы, қазір бізге ауа райының жақсы болып, жаңбырдың жаумағаны керек. Барлық өнімді ысырап қылмай, уақытылы жинап алуымыз қажет.

– Дизель отынын да арзандатылған бағамен алып жатырмыз.

Тайынша ауданындағы «Мастер Агро» серіктестігі осыдан 6 жыл бұрын құрылған. Қазіргі уақытта егістік алқабының жалпы көлемі 2400 гектарды құрайды. Серіктестік басшылығы бұршақ дақылдарын өсіруге басымдық берген.

АЛЕКСАНДР КОБЗЕВ, «МАСТЕР АГРО» ЖШС ДИРЕКТОРЫ, Тайынша ауданы:

– 250 тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сатып алдық. Барлығын толығымен қолдандық. Жалпы, біз жақсы өнім алу үшін минералды тыңайтқышты кеңінен қолданамыз. Тыңайтқыш пен жанар-жағармайға мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бұл біз үшін зор көмек.

Дала күні мерекесі «Астық Стем» серіктестігінің алқабында өтті. Бұл дәстүрлі іс-шарада шаруалар алдағы егін жинау науқанындағы мәселелерді шешу үшін бас қосады. Аграрилерді облыс әкімінің атынан оның бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

– Жыл сайын егін жинау науқаны қарсаңында тәжірибе алмасу мақсатында бас қосамыз. Бүгінгі жиын ауыл шаруашылығын дамытуға серпін берері анық. Әлемдік жаһандану процестері мен бүгінгі таңда болып жатқан түрлі оқиғалар бізге көп ой салады. Бүгін біз ауыл шаруашылығындағы өз жетістіктерімізді көріп, әрқайсысымыз өзіміз үшін қорытынды жасаймыз.

Ашық аспан астында ауыл шаруашылығына арналған жаңартылған техникалардың ауқымды көрмесі де өтті.

«Астық Стем» серіктестігінің негізі 2000 жылы қаланған. Құрылған кезде шағын шаруа қожалығы болған агроқұрылымның бүгінде 16 мың гектар егістік жері бар. Кәсіпорында 250 адам жұмыс істейді. Шаруашылық 2010 жылдан бастап тамшылатып суаруды қолға алды. Бүгінде бұл тәжірибе жақсы өнім алуға септігін тигізіп жатыр.

СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, «АСТЫҚ СТЕМ» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ, Тайынша ауданы:

– Мың гектардан астам суармалы жеріміз бар. Біз тек көкөніс өсірумен ғана емес, сүт, ет өндірумен де айналысамыз. 600 бас сиырымыз бар. Мыңға жуық бас – етті бағыттағы мал. Ары қарай жүрсеңіздер, жүгері егілген жер бар. Одан әрі жоңышқа өсіп тұр. Әріптестеріміз 1000 гектардан алатын өнімді біз 100 гектардан алып жатырмыз.

Тайынша ауданындағы биылғы егістік көлемі – 678 мың гектар. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 4 жарым млн гектарды құрайды. Дала күні шарасына барлығы – 300-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында Еуропа және Қазақстанның 7 облысынан келген шаруалар да бар.