Қоғам

Кішкенекөл ауылында 215 млн теңгеге кеспе тас төселіп жатыр

215 млн теңге. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылының орталығында осы қаражаттың көлемінде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. 16-шы шілдеден бастау алған жұмыс жоспары – мына тұрған жерге кеспе тас төсеу. Жауапты мердігер – “Construction Group “Samruk” серіктестігі. Ауылдың қақ ортасындағы көзге бірден түсетін алаңның жөндеу көрмегеніне 20 жылдың жүзі болған.

БЕЙБІТ СЕРІКОВ, “Construction Group “Samruk” ЖШС өкілі, Түркістан облысы:

– Бүгінгі таңда біз 1200-1300 квадрат шаршы метрін дайындап, жасап қойдық. Осы 1 айдың ішінде бұзу жұмыстарын жүргіздік. Осы жұмыс алаңында 20 шақты адам жүр. Оның 5-еуі – жергілікті тұрғындар, қалғанын өзімізбен бірге алып келдік. Жоба бойынша алаңның бәрі түгел кеспе таспен жабылады және алаңды тегістеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұрын бұл жерде асфальт болған және істен шыққан субұрқақ тұрған екен. Қазір оның барлығы алынып тасталыпты. Әбден тозығы жеткен алаң ауылдың көркін қашырып тұрды дейді Кішкенекөл ауылдық округінің әкімі Қанат Сатвалдин. Өткен жылы жоспарланған бұл жөндеу жұмысы қаржыға байланысты биыл ғана іске асырылып жатыр.

ҚАНАТ САТВАЛДИН, Кішкенекөл ауылдық округінің әкімі, Уәлиханов ауданы:

Бүгінгі таңда орталық алаңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстың сапасы жақсы. Әзірге, ешқандай кемшілік байқалмайды. Жұмыс барысын қоғамдық кеңестің адамдары бақылап отырады. Негізі, 4 айға шақталып жоспарланған. Дегенмен, мердігерлер 2 жарым-3 айдың ішінде аяқтаймыз деп отыр.

Мердігердің айтуынша жұмыс барысы кесте бойынша жүріп жатыр. Құрылысқа керек дүниенің барлығы бар. Қажет материалдар Астана мен Көкшетау қалаларынан жеткізіледі.

 

Ақжүніс Мұқатай