Экология

Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі курс аяқталды

Петропавлда балық шаруашылығын дамыту жөніндегі курс өз мәресіне жетті. «Мен кәсіпкер» жобасы аясында қолға алынған бастама 5 күнге созылды. Алдымен 30-ға тарта қатысушы теориялық білімдерін толықтырды, кейін тәжірибеге басымдық берді. Шараның соңғы күні бір топ адам Пестрое көлінде болды. Мұнда олар ресейлік оқытушы – Александр Литвиненконың жетекшілігімен судың химиялық құрамын, айдындағы азық қорын тексерді. Жұмыс барысында білікті маман жергілікті кәсіпкерлерге ақыл-кеңес берді. Саладағы өзекті проблемаларға тоқталды. Айтылғанның барлығын жеке кәсіпкерлік басшысы Елена Глухих ой дәптеріне түртіп алыпты. Аққайыңдық азаматша енді жинаған білімін іс барысында қолданып көрмек.

ЕЛЕНА ГЛУХИХ, кәсіпкер, Аққайың ауданы:

– Біз 2019-шы жылы Аққайың ауданындағы Харьковское көлін жалға алдық. Қазір мөңке өсірумен айналысамыз. Болашақта табысты біршама арттыратын сиг тұқымды балықтарды да өсіріп, сатқымыз келеді. Ол үшін алдымен көлдің мүмкіндігін тексеріп алу керек. Егер азық қоры аз болса, төккен тер нәтиже бермейді екен. Оны осы оқыту курсы барысында ұғындым.

 

Байболат Култанов