СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады

Биыл СҚО-дағы білім алушылар саны 75 мыңды құраса, оның ішінде 7 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Жаңа оқу жылына дайындық белсенді пысықталуда. 2,5 мыңнан астам баланы тасымалдау үшін 146 бірлік автокөлік дайындалып, 29 автобус сатып алынды. Бұдан бөлек, биыл оқулықтарды сатып алуға 700 млн. теңге бөлінді. Білім беру ұйымдары үшін басқа да жағдайлар жасалуда.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тегін ыстық тамақпен 50 мыңнан астам оқушы, сонымен бірге 39 мың бастауыш сынып оқушысы қамтылады. Оқу жылының басында барлық қажетті білім беру ұйымдарын мамандандырылған күзетпен және қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етеміз. Бұл мақсаттарға шамамен 680 млн. теңге жұмсалды.

Айдарбек Сапаров мектептердегі жөндеу жұмыстарының барысына да тоқталды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл 49 білім объектісінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстарға 4,3 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда облыс орталығында 5 білім объектісі бойынша жұмыс аяқталды. 42 объект бойынша жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады.

Бұл ретте, кейбір оқу орындарында кестеден артта қалушылық байқалады. Облыстың екі мектебінде жұмыс тек 50 пайызға тындырылған. Бұл жағдай мердігер ұйымдардың қажетті құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізе алмағандығынан орын алып отыр. Бүгінгі күні әкімдіктер істі тындыру үшін қосымша техниканы жұмылдырды. Жұмыстарды оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Өңір басшысы жаңа оқу жылының басталуына дайындық тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Айта кетейік, СҚО-да барлығы 457 мектеп бар.

 

Алдияр Айтпаев