Қысқа дайындық қызу жүріп жатыр. Ұзаққа созылатын солтүстіктің қытымыр қысы еңбекті талап етеді. Өңір халқы суықтан сақтану үшін тынбай әрекет етуде. Бескөлдік тұрғындардың үйлерінің алдында отындары үйіліп тұр. Альбина Симонова осыдан бір апта бұрын 8 текше метрін алғызыпты. Қазір отағасы жарып, дайын күйінде отынқораға тасуда. Дегенмен, күз кезінде тағы осыншамасын алуды жоспарлап отыр. Әйтпесе, 4 бөлмелі үйге бұл аздық етеді.
АЛЬБИНА СИМОНОВА, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Отбасымыз 6 адамнан тұрады. Жылына есептегенде 10-12 текше метр отын жағамыз. Биыл 8 текше метріне 80 мың теңге кетті. Бөліп төлейтін боламын. Әлі көмір мен тағы кесінді аламыз. Осының барлығы 1 жылда пайдаланылады. Оның үстіне аптасына 1-2 рет монша жағамыз. Отынның бағасы жыл сайын өсіп жатыр, әрине.
Любовь Карташова қысқа толыққанды дайынмын дейді. Былтырғы қыста көмір таусылып, біраз әбігерге түскен екен. Осы жылы ертерек қамдануды жөн көріпті. Биыл көмір мен ағаштан қалған кесіндіні жақпақ. 2 апта бұрын қысқы отынның бір легі келіпті, келесісі 30 күннің ішінде жеткізіледі.
ЛЮБОВЬ КАРТАШОВА, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Бескөлге көшіп келгенімізге 6 жыл болып қалды. Басында отын пайдаланатынбыз. Қазір тақтайға көштік. Бағасы әлдеқайда арзан. Өткен жылы 70 мыңға шығындалып отын алсақ, биыл қалтамыздан 41500 теңге ғана шығардық.
Қызылжар ауданында 15 мыңға жуық жер үй бар. Ауыл тұрғындарының отынға деген қажеттілгі шамамен 95 мың текше метрді құрайды. Айта кететін жайт, әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға жергілікті ауылшаруашылық құрылымдар көмектеседі.
Аудан әкімінің орынбасары Қуандық Шақубаевтың айтуынша, әлеуметтік нысандар отынмен түгел қамтылған.
ҚУАНДЫҚ ШАҚУБАЕВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Әлеуметтік нысандарды жылыту үшін бір қысқа 630 текше метр көлемінде отын қажет. Білім беру орындарының қажеттілігі – 400, мәдениет нысандары мен кітапханалардыкі 15 текше метрді құрайды.
Сонымен, Бескөлде отынның бір текше метрі 7-8 мың теңге тұрады. Оны ауыл бойынша бойынша жеткізу тегін.
Ақжүніс Мұқатай