Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мен алдағы күнтізбелік жылға арналған қорларды қалыптастыру процесі. Бұл мәселелер Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары-сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте көтерілді. Жақында еліміздің бас сауда ведомствосы арнайы талдау жүргізген. Оның негізінде кәсіпкерлерге несие беру шарттарын жасау кезінде ӘКК-лар көбінесе кіріспе деректердің сапасыз ресімделуіне жол беретінін анықтады. Яғни, өнімнің көлем, бөлшек сауда бағалары, пайыздық мөлшерлеме, бағаны тұрақтандыру кезеңі, қарызды өтеу және өнімді жеткізу кестелері және т.б. мәліметтер көрсетілмейді. Бұл баға белгілеуді терең талдау мен болжауды қиындатады екен.
АЙДАР ӘБІЛДАБЕКОВ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы:
– Сонымен қатар біз көптеген шарттта құпия ұстау және ақпаратты жария етпеу бөлімі бар екенін анықтадық. Бұл тармақтар қолданыстағы заңнамаға қайшы және талдау жүргізу үшін шарттар алуды қиындатады.
Бұл жайлы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин де өз ойын білдірді. Жағдайдың жай-жапсарын біліп, оны дұрыстау ісін Сауда және интеграция министрі ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеді.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:
– ӘКК шарттарында қандай құпиялылық болуы мүмкін? Бұл – бюджет қаражаты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл мәселені бақылауға алып, барлық шартты қайта жасауды тапсырамын. Қажет болған жағдайда тауардың нақты бағасы, атауы және саны көрсетілген бірыңғай шарт әзірлеу керек. Айдың соңына дейін барлық өңір 3 айлық көлемнің 30%-ы көлемінде күріш бойынша келісім-шартқа отыруы тиіс. Тағы да айта кетейін, азық-түлік инфляциясы ішкі нарықтағы бағаға тікелей байланысты, ол тек қажетті қор көлемі қалыптасқан кезде ғана реттелетін болады.
Күрішке келетін болсақ, қазір ел бойынша өнімге деген сұраныс 21 мың тоннаны құрайды. Әзірге, аталған өнім түрінің 7,8 мың тоннасын алу бойынша Қызылорда облысымен 12 өңір келісім-шарт жасасты.
Алдияр Айтпаев