МТРА жаңалықтары

Петропавлда балық өсіру курсы бастау алды

Жергілікті Кәсіпкерлер палатасында балық өсіру бойынша арнайы курс бастау алды. Өңірімізде аса дами қоймаған бағытты дамыту мақсатындағы бастама «Мен кәсіпкер» жобасы аясында қолға алынып отыр. Оқытуға ондаған іскер жан келген. Барлығының мақсаты бір – жаңашылдықты жақсылап меңгеріп, бизнестің биік шыңына шығу.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Оқыту 5 күнге созылады. Оның алғашқы 2 күнінде теорияға басымдық берілсе, қалған уақытта тәжірибе толықтырылады. 30-ға тарта адам қатысып жатыр.

Шеберлік жақын маңдағы су қоймаларында және Петропавлдағы балық питомнигінде шыңдалмақ. Қоса кетейік, курсты жүргізу үшін Ресейден арнайы оқытушы шақыртылған екен.

АЛЕКСАНДР ЛИТВИНЕНКО, Солтүстік Орал Түмен мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры, Ресей:

– Біз көлдеріңізде бағалы балық түрлерін жайылымдық өсіруге көңіл бөлеміз. Облыстарыңызда өнімділігі жоғары бірқатар су айдыны бар. Олардың су деңгейі климатқа, гидрологиялық циклдерге байланысты айтарлықтай өзгереді. Міне, осы факторларға назар аудару қажет.
Судың деңгейіне байланысты балық өсіру стратегиясы мен балық түрлерін өзгерту керек.

Айтылғандарды Вячеслав Смирнов жақсы біледі. Есіл ауданындағы шаруашылықтардың бірінің жетекшісі 20 жылдай балық өсірумен айналысады. Тәжірибесі мол.

ВЯЧЕСЛАВ СМИРНОВ, кәсіпкер, Есіл ауданы:

– Мен жалға су қоймаларын алып, істі өзім бастадым. Көксеркенің алғашқы партиясын алғаным әлі есімді. Қатты қуандым. Сосын тұқы да өсірдім. Артынша цех салып, саудаға көштім. Осылай жүйелі жұмыс басталды. Аптасына бір рет Явленкада сауда жасаймын. Ал қаладағы базарларға жұмасына 1-2 рет келіп тұрамын.

Әзірге, кәсіпкердің өнімі өңір аумағында ғана саудаланады. Ол 4 көлден жылына шамамен 20 тонн балық алады екен.

 

Байболат Култанов