Денсаулық сақтау

Банк қосымшалары арқылы МӘМС жүйесіндегі мәртебе мен төлемдерді тексеруге болады

Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебе мен төлемдерді банк қосымшаларында тексеруге болады. Мұндай жаңашылдық әзірге екінші деңгейлі 3 қаржы ұйымында қолға алынып отыр.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Алдымен қажетті банктің мобильді қосымшасын жүктеп алу керек. Мысалы, Халық банкінде “Мемлекеттік қызметтер бөліміне” кіріп, МӘМС-тің ақпараттық жүйесіне өткен жөн. Мұнда жеке сәйкестендіру нөмірін жазасыз. Сонда ақпарат шығады.

Мұндай жаңашылдықтың бірнеше артықшылығы бар. Ең басты тиімділігі – жылдамдық. Тұрғын табалдырық тоздырмайды. Үйреншікті қосымша арқылы үйде отырып-ақ қас-қағым уақыт ішінде мәртебе мен төлемді біле алады.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Бұдан бөлек те тәсілдер бар. Бұлар: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Damumed мобильді қосымшасы, fms.kz ресми сайты және egov.kz сайты.

1414 байланыс нөмірі тағы бар. Бұл жүйенің іске қосылғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Өкінішке қарай, қызметкерлері үшін төлем жасағысы келмейтін сараң жұмыс берушілермен күрес әлі жүргізіліп келеді. Мәселе өте өзекті. Тиісті қаржы тұрақты түрде аударылмаса, маман кейбір медициналық тексерістен тегін өтпейді.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Бүгінгі таңда төлемдер бойынша 47 млн теңге берешек бар. Аудандарға тоқталсақ, Тайынша, Ғ.Мүсірепов және М.Жұмабаев сынды үлкен аудандарда осындай проблема туындап отыр. Сонымен қатар, Петропавлда құрылыс саласындағы серіктестіктер жұмысшылары үшін ақша аудармайды.

Сөз соңында аз-кем сандармен бөлісейік. Қазіргі таңда солтүстікқазақстандықтардың 82,6 пайызы МӘМС жүйесінде “сақтандырылған” статусына ие. Сақтандырылмаған халықтың үлесі 92 мыңнан асады.

 

Байболат Култанов