Қоғам

Әйгілі ғарышкер Александр Викторенко дүниеден өтті

Атақты ғарышкер, облысымыздың құрметті азаматы Александр Степанович Викторенко 76 жасында дүниеден өтті. Ол Шал ақын ауданындағы Ольгинка ауылында өмірге келген. Жерлесіміз Орынбор жоғары әскери авиация ұшқыштар училищесін үздік бітірді. Одан кейін аға ұшқыш, әуе кемесінің командирі, әскери-теңіз зымырандық авиация полкінің ұшқышы қызметін атқарды. Бұл туралы облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, марқұмның жақындарына көңіл айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Александр Степанович 1978 жылы Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығының жасағына қабылданды. Ол 87-ші жылы ғарышқа алғаш рет “Мир” орбиталық станциясына ұшты. Одан кейін тағы 3 рет көтерілді. Жерлесіміз ғарышта барлығы – 489 күн болса, соның 19 сағатын ашық ғарышта өткізген. Александр Викторенко – арманға жету жолындағы адалдықтың және табандылықтың үлгісі. Еңбек пен ерік-жігердің арқасында биік белестерге жетті. Ғарышкер болуды армандаған балаларға шынайы үлгі болды. Александр Викторенконың отбасына қайғырып көңіл білдіремін. Атқарған қызметі мен сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмасын.

 

 

Акжунис Мухатай