Қоғам

ТЖД: Келесі жылы Петропавлға 50 метрлік сатысы бар көлік сатып алынады

Тамылжыған тамыздың 1-і күні ару қала Алматының тынышы бұзылды. 16 қабатты үйдің жоғарғы бөлігінде электр кабельдері ашық жанып, тұрғындардың екі аяғын бір етікке тықты. Өкінішке қарай, өрттің салдарынан 1 адам көз жұмды және бақандай 43 адам зардап шекті. Кейбірі құтқарушылар жеткенше нысаннан секірді. Петропавлда да төбесі көк тіреген ғимараттар салынып жатыр. Жаман айтпай, жақсы жоқ, мұндай факті бізде де тіркелуі мүмкін. Сонда не істейміз? Бұл сұраққа бейінді департамент бастығының орынбасары Дмитрий Растихин жауап берді.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Адамдар өрт болса дүрбелеңге салынады. Бұл қателік екенін ұмытпау қажет. Сабырмен шешім қабылдаса, 12 және одан жоғары қабатты жаңа үйлерде тұратын адамдар аман-есен сыртқа шыға алады. Аз-кем кеңес берейін. Бірінші кезекте дабыл жүйесін тексеру керек. Ол үнемі жұмыс істеп тұруы тиіс. Егер жүйе іске қосылса, тұрғындар жанталаспай аулаға шыққандары жөн.

Бұл ретте жеделсатыға мінуге қатаң түрде тыйым салынады. Өрт кезінде ол тоқтап қалуы мүмкін. Демек, адам түтінге тұншығуы ықтимал.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Ең абзалы, мына жерге шығу. Көпқабатты үйдің тұрғындары жалпы балкон деп түсінетін орын қауіпсіз. Өздеріңіз тұрғандай, мұнда адам таза ауа жұта алады. Тағы көшедегі немесе өзге ғимараттағы адамдардан көмек сұраса болады. Жалпы, балкон арқылы келесі подъездге өтуге болады. ТЖ қызметкерлері бұл жерді түтін келмейтін өткел деп атайды. Жан-жағы бетон. Осы баспалдақ арқылы сыртқа шығып кетуге болады.

Көпқабатты үйлердің ауласында көлік те көп тұрады. Топтасқан темір тұлпарлардың кесірінен арнайы машиналар аумаққа қиындықпен кіруі мүмкін. Кей кезде тіпті жұмыстарында әр секунд маңызды мамандар нысанға жақындай да алмай жатады екен.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Төтенше жағдайлар қызметкерлерін жол бойындағы және үйлерді қоршай салынған жиектастар да алаңдатып отыр. Оңтүстік астанаға қайта оралайық. Алматыдағы өрт кезінде мамандар осы бордюрді бұзған екен. Себебі, арнайы көліктері өзге жерден үйге жақындап, су шаша алмаған.

Тағы су алынатын құдықтар бар. Кей кезде оларды машиналар жауып тастайды екен. Осы жайттарды алға тартқан құтқарушылар тұрғындарды түсіністік танытып, көліктерді тәртіппен қоюға шақырады. Бүгінде департамент базасында 30 метрлік құтқару сатылары бар. Онымен тек 10 қабатқа дейінгі биіктіктен адамдарды төмен түсіруге болдады.

НИКОЛАЙ БЕЛОУСОВ, СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда министрлікпен 50 метрлік сатысы бар көлікті алу бойынша конкурс ойнатылып жатыр. Арнайы көлік келесі жылдың соңына дейін бізге келуі тиіс. Бұл мәселе – біздің жіті бақылауымызда. Қоса кетейін, біз тұрғындарға сақтық шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге әрдайым дайынбыз. Яғни, хабарласқан адамдардың үйіне барып, халықпен кездесеміз.

Өкінішке қарай, жыл басынан бері өңірімізде 371 өрт оқиғасы орын алыпты. Қызыл жалын бақандай 18 адамның өмірін қиған. Ал ыстан көз жұмғандардың саны 9-ға жетіп отыр.

 

Байболат Култанов