Білім

Ж.Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі биыл 200 студентті қабылдайды

Биыл Есіл ауданындағы Покровка ауылында орналасқан Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжіне 100 жыл. Бір ғасырлық тарихы бар білім ордасының ұжымы кезекті оқу жылына дайындалып жатыр. Талай жасты түлеткен қара шаңырақ ағымдағы жылы студенттерді 8 мамандық бойынша қабылдамақ.

АЯУЛЫМ АБЫЛХАЛИМОВА, Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушысы, Есіл ауданы:

– Ветеринария, агрономия, ауыл шаруашылығын механикаландыру, сүт және сүт өнімдерін өндіру, орман шаруашылығы, тамақтандыруды ұйымдастыру, 9-шы және 11-ші сынып негізінде есеп және аудит мамандықтары бойынша талапкерлерді қабылдаймыз.

Биылғы мемлекеттік тапсырыс – 200 адам. Яғни, осынша студент оқуға қабылдануы тиіс. Әзірге, 156 талапкер өтініш білдіріпті. Олар үшін бар жағдай жасалмақ. Студенттер тегін оқиды әрі 30 мың теңгенің үстінде шәкіртақы алады.

АЯУЛЫМ АБЫЛХАЛИМОВА, Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушысы, Есіл ауданы:

– Оқытушылар мен тәрбиешілердің кезекшілігі ұйымдастырылған 2 жатақхана бар. Оқу озаттары тегін тұрады. Барлық студенттер ақысыз негізде оқиды. 1-ші курс студенттеріне тегін түскі ас беріледі.

Бұдан бөлек те мүмкіндіктер жасалған. Осыдан бірнеше жыл бұрын колледж “Жас маман” жобасы аясында материалдық-техникалық базасын нығайтты. 321 млн теңгеге сатып алынған жабдықтардың берер пайдасы мол. Мысалы, мына Wi-Fi-метеостанция арқылы студенттер ауа райы жайлы ақпарат алады.

Ал мына тренажер күллі әлемге танымал John Deere тракторының орнын басты. Оның көмегімен алқаптарда атқарылатын істі кабинетте отырып-ақ меңгеруге болады. Мәселен, қазір оқытушы танапты соқамен жыртып келеді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бұл жерде өзіңді тракторда отырғандай сезінесің. Іске қосамыз, жылдамдықты арттырамыз. Кеттік. Алқап. Мен өзімді егіс даласында жүргендей сезініп отырмын.

Колледж қабырғасында шағын сүт зауыты да бар. Кәсіпорын тәулігіне 500 литр ақты өңдеуге қауқарлы. Бұл жерде студенттер өңірімізде ашылып жатқан заманауи фермалардың жұмысын меңгеріп қана қоймайды. Бірнеше өнім түрін де шығарады.

Әзірге, ауыл тұрғындарынан алынған сүт өңделуде. Болашақта колледж басшылығы бірнеше сиыр сатып алып, тұрақты түрде саууды жоспарлап отыр.

 

Байболат Култанов