Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров аудандарды аралады

Өңірге жұмыс сапарымен келген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бірнеше ауданда болды. Министр бірінші “Қызылжар Сүт” серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшылығы өткен жылы Германиядан симментал мен голштино-фриз тұқымды ірі қара жеткізіпті.

ОЛЖАС БЕКТАСОВ, “Қызылжар Сүт” ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

– Кешенде 1410 ірі қара бар. 640-ы – сауынды сиыр. Жоспар бойынша күзге дейін олардың санын 720-ға дейін көбейтіп, толық қуатқа көшеміз. Серіктестікте 60 адам еңбек етеді. Орташа жалақы 220 мың теңгені құрайды. Мемлекет бізге құрылыс кезінде субсидиямен қолдау көрсетті. Сондай-ақ, 2021-2022-ші жылдары қосымша инвестициялық субсидия берілді. Бүгінде біз 1 литр сүтке 35 теңгеден аламыз.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде біздің өңір жарты миллион тонна сүтті импорттайды. 2019-шы жылға дейін елде салынып жатқан тауарлы-сүт фермаларының саны екеуді құраған. Пилоттық жобаның арқасында біз қазір жылына 8-10 кешеннен салып жатырмыз.

Кейін Әлібек Қуантыров Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылына барды. Өткен жылдың қарашасында мұнда “Солтүстік бройлері” құс фабрикасы ашылды. Өндіріс орны толықтай автоматтандырылған. Қондырғылардың барлығы Германиядан жеткізілген. Жобаның жалпы құны – 11,2 млрд теңге. Қаржының жартысынан астамын компания “Солтүстік” ӘКК арқылы алған.

ТАЛҒАТ МАҚТАЕВ, “Солтүстік бройлері” ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Қазір кешенде 6 құс қорасы салынып жатыр. Істі жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, алдағы уақытта инкубациялық цех іске қосылады. Арнайы жем-азық шығаратын зауыт құрылысын да биыл бастамақпыз. Жалпы, бір құстың орташа салмағы 3 келіге жуықтайды. Қанаттыларды сою кезінде 70 тонна ет шығады.

Құс фабрикасының басшылығы өнімдеріне өңір тұрғындары тарапынан сұраныстың көп екенін айтты. Бірақ, көрші елдерден келген құс етінің саудасы әлі де қызып тұр. Сырттан келген тауар түрі жұртты арзан бағасымен қызықтырады. Сондықтан, тұтынушы отандық өнімге қарағанда шетелдік өнім алғанды құп көреді екен.

ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Қанша дегенмен де баға немесе сапаға қатысты бәсеке болады. Бұл өнімдер ветеринариялық стандарттарға сәйкес келеді. Еуразиялық экономикалық одақ аумағында өнімді сатуға тыйым сала алмаймыз. Сіздердің жоспарларыңыз ауқымды. Облыстың қажеттілігін қамтып қана қоймай өнімдеріңізді өзге елдерге экспорттауға да болады.

Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінде министр тұрғындармен кездесті. Аудан әкімі Рүстем Елубаев үкімет мүшесіне ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін айтты.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– Мектеп “Ауыл ел бесігі” жобасы арқылы 2021-ші жылы жөндеу көрді. Іске 78 млн теңге бағытталды. Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында мәдениет үйінде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылда жол мен суға қатысты мәселе жоқ. Тіршілік көзі үйлерге тартылған.

Мектепте шағын орталық бар. Көрші ауылдардан келіп оқитын балалар интернатта тұрады. Ұл-қыздарды білім ұясына тасымалдау үшін арнайы көлік қарастырылған. Мектеп асханасына арналған азық-түлікті “Зенченко и К” КС жеткізеді.

 

Алдияр Айтпаев