Тамыздың 5-і күні М.Жұмабаев ауданында қайғылы жағдай орын алды. Түнде полиция бөліміне Қарақоға және Надежка ауылы арасындағы жол шетінде ер мен әйелдің жансыз денелері жатқандығы жайлы суық хабар келіп түскен. Оқиға орнына жеткен мамандар 1985 және 88-ші жылғы ерлі-зайыптының мәйітін анықтады. Сондай-ақ, жақын маңнан балалар арбасында жатқан нәресте табылды. Оны полицейлер орталық аудандық ауруханаға жеткізген. 2020-шы жылы туған баланы дәрігерлер толық тексерген. Денсаулығына зиян келмеген екен. Қазіргі таңда сәби аурухананың балалар бөлімшесінде жатыр.
НҰРБЕК БАЕКИН, СҚО ПД баспасөз қызметінің қызметкері:
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Образец ауылынан механикалық тұрғыда зақымданған Toyota Land Cruiser көлігін тапты. Көлік иесі анықталып, ұсталды: Петропавл қаласының 39 жастағы тұрғыны. Ер адам екі жаяу жүргіншіні қағып, кейін оқиға орнынан қашып кеткенін түсіндірді. Жүргізілген медициналық сараптама Toyota Land Cruiser жүргізушісінің алкогольдік ішімдік ішкенін растады. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы», ҚК-нің 347-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазақстан Республикасы «Жол-көлік оқиғасы орнын тастап кету» және ҚР ҚК-нің 119-бабының 1-бөлігі бойынша «Қауіпті жағдайда қалдыру». Тергеу тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Алдияр Айтпаев