Қоғам

Саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы аталары туралы дерек тапты

Жарқын жүзді Елена Нельде “Память” қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықовты құшағына алып, ел ағасының зайыбына гүл шоғын тарту етті. Бұлай сәлемдесудің өзіндік себебі бар. Ресей астанасында тұратын азаматша Қызылжарға ерекше мақсатпен келіп отыр. Нәзікжандының арғы атасы – Федор Нельде мен оның 5 бірдей бауыры кезінде саяси қуғын-сүргін құрбан болыпты. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандар жайлы ұрпақтары аса көп дерек білмеген. Тарихты Мәскеуден түскен қоңыраудан кейін Болат Мағазұлы жаңғыртты.

БОЛАТ САҒЫНДЫҚОВ, “Память” ҚҚ төрағасы:

– Менде КГБ-дан алған 2 томдық тізім бар. Онда барлық дерек жазылған. Тізімді қарағанда Нельде тегіндегі 4 адам табылды.

Елена Нельденің арғы аталары Қызылжар ауданында тұрыпты. Федор Нельде колхоз төрағасы болған екен. 1936-шы жылы айрандай ұйыған әулеттің шырқы бұзылады. Солақай саясаттың салдарынан 1 адам атылады, 5-еуі сотталады. Федор Лукьяновичтің өзі 10 жылға темір торға қамалып, жер аударылады.

ЕЛЕНА НЕЛЬДЕ:

– Мен Болат Мағазұлына 2020-шы жылы қоңырау шалдым. Көп ұзамай Солтүстік Қазақстан облысынан сүйінші хабар жетті. Араға 3 жыл салып тарихи мекенге келіп отырмын десем болады. Қатты толқып тұрмын. Аталарымның рухына тағзым еттім. Барлық ұрпақтың міндетін орындадым. Болат Сағындықовқа алғысым шексіз.

Сұхбат барысында Елена Нельде көзіне жас та алды. Алмасқа болмайды. “Естелік қабырғасында” жазылған әр адамның аты-жөні өткенге үңілдіреді, кез келген жанды күрсіндіреді. Болашақта бұл қабырға біршама ұзартылмақ.

БОЛАТ САҒЫНДЫҚОВ, “Память” ҚҚ төрағасы:

– Қазір бізге 7630 адамның аты-жөні белгілі. Әлі де табылып жатқандар бар. Жұмысты жалғастыру керек. Мына қабырғаны 10 метрге ұзарту керек.

Айтпақшы, Елена Нельде әлі 2 атасы жайлы еш дерек білмейді. Азаматшаның ендігі міндеті – соларды табу, ұрпаққа таныту.

 

Байболат Култанов