Табиғи құбылыс. Осыдан бірнеше күн бұрын Жамбыл ауданында орналасқан Питное көлінде балықтың қырылу фактісі тіркелген болатын. Су жануарларының өлуіне не себеп? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін су айдынына балық шаруашылығы инспекциясының мамандары, ветеринарлар мен экологтар бірлесіп барып келді. 100 келі алабұға мен мөңке қырылған. Мамандар дереу су сынамаларын алып, балықтардың өлекселерін де тексерді.
ЕСІМ СЕЙІТОВ, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары:
– Көл жағасы тексерілді. Нәтижесінде ешқандай химиялық зат анықталмады. Басты себеп – су температурасының жоғарылауы. Осы жолы су айдындарының температурасы 20 градустан жоғары болды әрі жел де болған жоқ.
Тағы бір алдын алдын ала болжам бойынша балықтар су қоймаларының таяз жерінде өсімдіктердің шіруінен қырылуы мүмкін. Шіріген өсімдіктен балыққа әсер ететін газ бөлінеді екен.
ЕСІМ СЕЙІТОВ, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары:
– Балықтардың улануы туралы фактілер өткен жылдан бері тіркелмеді. Биыл ғана болып отыр. Мамандар әлі де егжей-тегжейлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Қырылған балықтар Кладбинка ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен жиналып, жойылды.
Акжунис Мухатай