Денсаулық сақтау

Биыл өңірде 35 әйелден жатыр обыры анықталған

Ауқымы кең онкологиялық ауру. Қазіргі таңда нәзікжандылар арасында жатырдың қатерлі ісігіне шалдығатындар жиілеп кетті. Бірнеше жыл бұрын аты жаман дертпен 45 жастан асқандар күресетін еді. Ал қазір ісік 25-30 жастағы қыз-келіншектерден табылуда. Жалпы, биыл онкологиялық орталыққа жүгінген 35 адамнан жатыр обыры анықталған.

ОЛЬГА КРАСНОПЕВЦЕВА, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының онкогинекологы:

– Қыз-келіншектердің 33-інде ісік ерте сатысында анықталды. Ал екеуінде 4-ші деңгей. Біреуі үй жағдайында өз бетінше емделмек болған. Екіншісі ақхалаттылардан ұялып келмеген.

Айтып келмейтін аурудың пайда болып, асқынуына бірнеше факті себеп. Жіпке тізер болсақ ол – семіздік, қант диабеті мен артериалды гипертензия. Ең жаманы бұл дертке шалдыққан нәзікжандылар құрсақ көтере алмайды.

ОЛЬГА КРАСНОПЕВЦЕВА, облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының онкогинекологы:

– Науқастарды хирургиялық, химиялық-терапиялық, сәулелі және гормоналды терапиялық жолмен емдейміз. Нәзікжандыларға айтарымыз, жатырдан қанды сұйықтық бөлініп немесе етеккір күндері ұзаққа созылса дәрігерге жүгіну қажет. Әр әйел түсінуі тиіс. Оның өмірі мен денсаулығы өз қолында. Ауруды жасырып керек емес. Ерте сатысында анықталған жатыр обырын бір ғана отамен емдеуге болады.

Салада 30 жылдық тәжірибесі бар Ольга Краснопевцева нәзікжандыларға жылына бір рет толық тексеруден өтуге кеңес береді. Айта кетейік, қазір орталықта осы жатыр обыры ауруымен 678 адам есепте тұр. Оның 447-сі – дерттен құлантаза айыққандар. Жалпы, бұл кесел таралуы бойынша онкологиялық аурулар арасында көш бастап тұр. Бірақ, жатыр обыры салада ең тез емделетін дерттердің бірі екендігін де білген жөн.

 

Алдияр Айтпаев