Денсаулық сақтау

Жастардың санасын улаған әдеттер

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Шаршағаның әп-сәтте басылып, қуат аласың. Ол үшін энергетикалық сусын ішсең болғаны. Жарнамасы жақсы заттың зиянын ешкім айтпайды. Қазіргі таңда бұл өнімді сатып алатындар көбейді. Дүкенге ағылатындардың басым бөлігі – жасөспірімдер. Өкінішке қарай, ағзаға ұл-қыздар артық күш түсіріп жатқандығын білмейді.

ГАЛИНА АНДРЕЕВА, психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі:

– Ағзаға түскен энергетикалық сусын көп мөлшерде қуат береді. Себебі, кофеин, таурин қышқылы және басқа да заттар бір құтыда топтасқан. Сусынды ішкеннен кейін адам бірнеше сағат бойы өзін тың сезінеді. Уақыт өте әлсіздік пайда бола бастайды. Сол уақытта адамға жатып демалу керек. Ересектер күніне 1 құтыдан көп ішпеуі тиіс. Ал жасөспірімдер тіптен бас тартқаны дұрыс. Энергетикалық сусынға қарағанда кофе ішкен абзал.

Энергетикті жұртшылық қазір көптеп қолдануда. Күннің ыстығында ағайын осы бір сусынды алып шөлін басып, күш жинайды. Мұндай кезде ағзаға екі есе күш түседі. Тез шаршаңқылық пайда болады. Ондай кезде тағы бір энергетик алатындар бар. Мұндай кезде ағза көбіне күйзеліске ұшырайды. Тіпті, жүрек тоқтауы мүмкін.

ГАЛИНА АНДРЕЕВА, психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі:

– Сусынның құрамындағы заттардың зияны жоқ. Алайда, олардың мөлшері өте көп. Адамның психикалық денсаулығында бір кінәрат бола тұра энергетик ішсе ұйқысы бұзылады, тез шаршайды, мазасыздық артады. Асқазаны ауыратындар ішкен жағдайда ол бауырға кері әсер етеді.

Жалпы, берер пайдасынан зияны көп сусынның алғашқысы 62-ші жылы Жапонияда шығарылыпты. Яғни, өнім жарты ғасырдан астам уақыт бойы адам ағзасына кері әсер етуде. Ал “вейп”-тің шыққаны күні кеше ғана. Электронды темекілер де жастардың санасын улаған. Мектеп оқушылары да тығылып түтін жұтып мәз боп жүр.

АЛЕНА МОЖАРОВА, психикалық денсаулық орталығының психиатр-нарколог дәрігері:

– Ағзасы енді жетіліп, ой-өрісі дамып келе жатқан балаға вейп кері әсер етеді. Никотин тәуелділік туғызады. Сондай-ақ, өкпе жұмысына зиянын тигізеді. Жалпы, бір ғана электрондық темекіде 2 мыңға жуық зиянды зат бар. Олар ми мен жүрекке де әсер етеді.

Электронды құрал қолданатындар оның әдеттегі темекіге қарағанда зияны аз деп ойлайды. Алайда, мамандар бұл қате түсінік дейді. Вейп тыныс алу жүйесі мен жүрекке аса қауіпті. Тіпті, кейде адам өліміне әкелуі мүмкін. 16 мың түрлі иісі бар дүниенің құрамы әлі толық зерттелмеген. Дегенмен, құрамында онкологияға шалдықтыратын препарат бар екені дәлелденіпті.
Мәселеге Мәжіліс депутаттары білек сыбана кіріскен сыңайлы. Жоғарыда өнімді жою қарастырылуда.

НҰРГҮЛ ТАУ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстанда құрамында белгісіз химиялық заттар мен никотиннің едеуір мөлшері бар тұтынудың электрондық жүйелерінің немесе вейптердің жастар арасында жоғары қарқынмен таратуы эпидемия сипатына ие болды. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше 2020 жылдан бері вейп нарығы 300 есеге жуық өсті. Осыған байланысты депутаттық сауалда мәселені толық қарауға және вейптерді сатуға толығымен тыйым салу бойынша шара қабылдауды ұсынамын.

Белгілі болғандай депутат көтерген мәселе үкіметтен қолдау тауыпты. Осыдан төрт күн бұрын елімізде вейп саудасы тоқтайды деген мәлімет желіде желдей есті. Жаңалық әрине жағымды. Ұрпақ саулығы үшін қабылданған шешім.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 33 елде вейп сатуға тыйым салынған. Бұл елдердің қатарына енді Қазақстан да қосылып отыр. Айта кетейік, әзірге шектеу қашан күшіне енетіні белгісіз.

 

Алдияр Айтпаев