Тамылжыған тамыз да басталды. Шіліңгір шілденің ыстығы облыс халқын әбден әбігерге салғаны белгілі. Жоғары температурадан жалыққан тұрғындарды синоптик мамандардың болжамы қуантпай қоймас. Осы айда күн салқындамақ. Орташа температура 17-19 градустың шамасында болады екен.
ТАТЬЯНА МАРЬИНА, “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалының жетекші синоптигі:
– Алғашқы онкүндікте ауа температурасы түнде 15-20-дан 7-12 градусқа дейін, ал күндіз 29-34-тен 17-22 градусқа дейін төмендейді. Айдың ортасында сынап бағанасы көтеріліп, күндіз 30-дан асады. Ал үшінші онкүндікте ыстық бәсеңдейді. Түнде 4-9, күндіз 12-17 градус болады деп күтілуде.
Тамыз – берекелі ай. Жеміс-жидек піседі, егін өседі. Ортасына қарай алқаптарда техниканың гүрілі естіледі. Ал ауа райы диқандар үшін қолайлы бола ма?
ТАТЬЯНА МАРЬИНА, “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалының жетекші синоптигі:
– Жиі өткінші жаңбыр жауып, найзағай соғады. Жауын-шашын мөлшері 42-55 мм аралығында болады. Ал желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрді құрайды. Екінші онкүндікте тұман түсуі ықтимал. Тамыз айының соңында бұршақ жаууы мүмкін.
Тарихқа бір көз жүгіртер болсақ, тамыздағы ең ыстық температура 52-ші жылы тіркеліпті. Онда сынап бағанасы 38,6 градусты көрсеткен екен. Ал 1971 жылы ауа температурасы минус 0,5 градусқа дейін төмендеген.
Аснурия Абдула