Винтовкамен ату, роллермен жүгіру және гимнастика. Облыс орталығында Президенттік көпсайыстан ел чемпионаты бастау алды. Жарыстың алғашқы күні мергендік сыналады. Дода еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам адамның басын қосты. Қатысушылардың ең үлкені 76 жаста.
Сайыскерлерге 20 минут беріледі. Олар 10 метр қашықтықтағы 12 нысананы атулары қажет. Өкінішке қарай, сынан сүрінгендер болды. Өңіріміздің намысын Азамат Әбішев қорғады. Жерлесіміздің тіркеген нәтижесіне көңілі толған жоқ.
АЗАМАТ ӘБІШЕВ, жарысқа қатысушы, СҚО:
– Жақсы көрсеткішке қол жеткіздім деп айта алмаймын. Мүлт кеткен жерім болды. 100 ұпайдың 81-ін жинаған сияқтымын. Бұл спортпен жарты жыл айналысамын. Әлі де шынығу қажет.
Өңірде винтовкамен ату сайысы алғаш рет 2012-ші жылы ұйымдастырылды. Содан бері жалғасын тауып келеді. Чемпионаттың бас төрешісі Валерий Самохваловтың айтуынша, құралайды көзге атқан қазақстандық мергендердің үздіктері – теріскейліктер.
ВАЛЕРИЙ САМОХВАЛОВ, чемпионаттың бас төрешісі:
– Винтовкамен ату сайысында солтүстікқазақстандық спортшылар көш бастап тұр. Әрқашанда бірінші орыннан көрініп жүреміз. Осы спортпен айналысамын деген адамдардың қатары толығуда. Өздеріңіз көріп тұрғандай, додада түрлі жастағы спортшылар бақ сынасып жатыр. Қазір қағаздарды жинап, үздіктерді анықтаймыз.
Дода тамыздың 5-ші жұлдызына дейін жалғасады. Жеңістік биік тұғырынан көрінгендер Ресейде өтетін әлем чемпионатына қатысады.
Гульден Симбаева