“Аққайың” лагерінің 4-ші маусымының бастау алғанына бірнеше күн болды. Осы жолы экологиялық құндылыққа мән беріп, “Табиғатпен үйлесім” деп атауды жөн көріпті. Сәйкесінше, ойын-сауықтың барлығы ашық аспан астында, ағаштардың ішінде өтеді.
Бүгін қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері СПИД орталығының мамандарымен бірлесіп “Көңілді бастаулар” атты спорттық іс-шара өткізіп жатыр. Мақсат – СПИД ұғмын түсіндіріп, салауатты өмір салтын насихаттау Ұжым лагерь маусымы ашылғалы осындай 3 сауықтыру орнына барған.
ҚАРЛЫҒАШ ӘКІНОВА, “Феникс” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы:
– Балалар мұндай іс-шараларды жақсы қабылдайды. Біз осындай ойындар арқылы салауатты өмір салты дағдыларын бойларына сіңіргіміз келеді. Қазір спорттық сайыс, одан кейін викторина өткіземіз. Онда СПИД-тің алдын алу шаралары туралы сұрақтар қойылады.
Балалар таңғы астарын ішкеннен кейін бірден сайысқа кірісіпті. Ұйымдастырушы еріктілер ойынның шарттарымен таныстыруда. Жеткіншектер 4 топқа бөлініп, бірінің артына бірі тізіліп тұр. Қазір қаппен жүгіріп жарысады.
Балалар дене шынықтарумен қатар ой-танымдарын да жоғарылатты. Адам ағзасы, вирус пен инфекция. Жасөспірімдер осы тақырыптар бойынша викториналық сұрақтарға жауап беріп жарысты.
Алтынай Аманбай лагерьге ағасымен бірге келіп отыр. Бұған дейін қаламыздағы өзге сауықтыру орындарында демалған екен. Өзі – топ жетекшісі.
АЛТЫНАЙ АМАНБАЙ:
– Мен бұл лагерьге 3-ші рет келіп тұрмын. Қазір 2-ші отрядтамын. Тобымыздың аты – “Орман бауырлары”. Біз бұл жерде ойнаймыз, жүгіреміз. Күнде таңертең тұрып түгенденеміз. Сосын жаттығу жасаймыз. Маған бұл жердің тамақтары ұнайды.
Бүгін 80-ге жуық бала кешке дейін түрлі ойындарға қатысады. Сондай-ақ, оларға тәттілер мен спорттық жабдықтар үлестіріліп берілмек.
Акжунис Мухатай