Қоғам

4 теріскейлік жұмыс орнында қаза тапты

Тайынша ауданында 4 адам жұмыс орнында қаза тапты. Жаға ұстатарлық жағдай тамыздың 1-і күні болды. Новоивановка ауылында орналасқан шошқа өсіру кешенінде кезекті жұмыс ауысымы аяқталған. Бірақ, сыртқа кәсіпорыннан 4 жұмысшы шықпаған. Іздестіру шаралары барысында 66-шы, 91-ші, 95-ші және 2000-шы жылы туған қызметкерлердің денесі кәріз құдығының түбінен табылды. Мезгілсіз келген өлімге не түрткі болғанын анықтау мақсатында марқұмдардың денесі медициналық сараптамаға жіберілді. Аталған факті «Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Оқиға орнына облыс әкімі Айдарбек Сапаров барды. Аймақ басшысы қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құруды тапсырды.

 

Алдияр Айтпаев