Ауыл шаруашылығы

Агрономдар біліктілікті арттыру курсынан өтуде

Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз. Осындай ұстанымдағы солтүстікқазақстандық агрономдар университет партасына қайта жайғасты. Олар саладағы жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеру үшін біліктілікті арттыру курсына келіп отыр. Электронды тақта алында – Эльмира Қаңтарбаева. Аға оқытушы, PhD докторы аса маңызды деректерді байыппен баяндап жатыр.

ЭЛЬМИРА ҚАҢТАРБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ аға оқытушысы, PhD докторы:

– Оқыту 2 кезеңдік арнайы бағдарлама бойынша жүргізіліп жатыр. Біз алдымен университет қабырғасында дәріс оқимыз, құжаттарды дұрыс толтыруды үйретеміз, кейін түрлі дақылдар егілген алқапқа шығып, тәжірибе толықтырамыз. Соңында курс қатысушылары емтихан тапсырады. Сыннан сүрінбей өткендер сертификат алады. Бұл құжат 3 жылға жарамды.

Қолына құжат тиген маман автоматты түрде агроном-апробатор атанады. Оның негізгі міндеті – алқаптарды зерттеу. Яғни, маман танапта таралуы мүмкін аурулар мен зиянкестерді, өсуі ықтимал арамшөптерді күн бұрын анықтап, ақыл-кеңес береді. Мұндай дерек алтын дән қамбаға құйылғанша дейін қам жейтін диқандарға ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті.

ЭЛЬМИРА ҚАҢТАРБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ аға оқытушысы, PhD докторы:

– Биыл курсқа 20 адам қатысып жатыр. Бұған дейін біліктілікті арттыруға ниетті жандардың саны 50-ге дейін жеткен еді. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен тығыз қарым-қатынастамыз. Басқарма оқыту жайлы жан-жаққа хабарлап, агрономдарды шақырады.

Қатысушылар әртүрлі жаста. Бірі саланың жілігін шағып, майын ішетін жасқа жетсе, екіншісі жауапты істі енді қолға алып жатыр. Айдос Сатылғанов былтыр ғана жоғары оқу орнын тәмамдапты. Білімге құштар айыртаулық агроном ойланбастан курсқа жазылған.

АЙДОС САТЫЛҒАНОВ, “Бабық-Борлық” ЖШС агрономы, Айыртау ауданы:

– Курс жаңа форматта өтіп жатыр. 3 жылға сертификат алғым келеді. Бүгінгі күні жас мамандар өте аз.

2 жарым апталық курс келесі жылы да ұйымдастырылмақ. Оқыту биылғыдай жаз айында болады деп жоспарланып отыр.

 

Байболат Култанов