Қоғам

Петропавлда 19 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

«Аленушка» балабақшасының іргесі 1966 жылы қаланған. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жаңартылмаған білім ордасында биыл алғаш рет күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ғимараттың қасбеті, шатыры мен кіреберісі жөнге келтірілмек. 100-ге жуық тәрбиеленушісі бар балабақшада жөндеу жұмыстары жоспар бойынша 8-ші тамызға дейін аяқталуы тиіс.

ОЛЬГА ЛАМАШ, “Аленушка” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі:

– Біз бұл жөндеу жұмыстарын ұзақ уақыт күттік. Себебі, шатырдан су ағып, ғимарат та тозды. Жөндеу жұмыстарымен 2 бригадалық топ айналысып жатыр. Жөнделген балабақшамыз жылы әрі жайлы болады деп үміттенеміз.

Күрделі жөндеу жұмыстары «Дарын» мектеп-лицейінде де жүргізіліп жатыр. Мұнда білім ордасының жылыту жүйесі толығымен жаңартылады. Күрделі жөндеуге 80 млн теңге қаражат бөлінген. Жұмысты “Тілек 2030” серіктестігі атқарады. Жоспарға сай жөндеу тамыз айының 9-ына дейін жүргізіледі.

МӘКЕН ЕРЛАН, “Дарын” мектеп-лицейінің директоры:

– Жылыту жүйесінен бөлек, мектептің кіреберісіне де күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыс 85 пайызға аяқталды. Мектеп оқушылары үшін ғимараттың жайлы әрі қолайлы болуына бар күшімізді саламыз. “Тілек 2030” мердігер компаниясы нысанды уақытылы толығымен тапсыруға уәде берді.

Биыл облыс орталығында 17 мектеп пен 2 балабақшада күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ол үшін республикалық бюджеттен 668 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл ақшаға білім беру ұйымдарының терезелері, су жабдықтау мен жылыту жүйелері, қасбеттері, спорт залдары қалпына келтіріледі.

АНДРЕЙ ТОКАРЕВ, Петропавл қаласы білім бөлімінің бас маманы:

– Үш нысанда күрделі жөндеу толығымен аяқталды. Жақын арада тағы бірнеше нысан тапсырылады. Қалғандарында жұмыс кестесіне сәйкес тамыз айының соңында аяқталады. 24-ші және 31-ші мектеп бойынша бірқатар мәселе болды. 24 мектепте бүгінгі күні жұмыс күшейтілді, белгіленген мерзімге дейін үлгереміз деп ойлаймын.

31 мектепте де мәселе шешімін табуы тиіс. Кешегі күні нысанға қосымша жұмыс күші тартылды.

 


Гульден Симбаева