Өлкеміздің інжу-маржаны – Имантау-Шалқар курорттық аймағы. Демалыс орны соңғы жылдары көптің аузында жүр. Былтырдың өзінде мұнда 62,4 мың адам демалған. Қазіргі таңда табиғаты әсем жерде 42 туристік нысан бар. Оның 10-ы қонақтарды жыл бойы қабылдайды. Жыл сайын мекемелердің материалдық-техникалық базалары жаңғыртылады. Биыл 4 демалыс базасы жөндеу көрген. Сондай-ақ, 1 футбол алаңқайы салынған.
ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, СҚО бойынша кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
– Жыл басынан бері туризм бағытына 5,56 млрд қаражат бөлінді. Оның 1,2 млрд теңгесі осы Имантау-Шалқар курорттық аймағына бағытталды. 7 инвестициялық жоба қолға алынып отыр. Біз көп уақыт бойы демалыс орнына ірі инвесторларды тарта алмадық. Себебі, бас жоспар дайын болмады. Былтыр бас жоспар бекітілды. Қазір инвестор қонақтарды жыл бойына қабылдайтын экоқонақ үйлер, глэмпингтер мен автокеруен салуға жобалық-сметалық құжат әзірлеуде. Инвестиция көлемі – 4,5 млрд теңге.
Имантау мен Шалқарда байланыс та біржақты етілмек. Қазір интернет сапасын жақсарту мақсатында “Транстелеком” АҚ 6 антенна құрылымын тұрғызу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауда. Қиын мәселелер шешіліп, ұсақтау дегені сол күйі қалмай ма? Әңгіме қоқыс жәшіктері мен әжетхана жайлы. Қоғамдық кеңес қатысушыларын бұл сұрақ та толғандырды. Қанат Шамсутдинов көпшілікке мәселе бақылауда деді.
ҚАНАТ ШАМСУТДИНОВ, СҚО бойынша кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
– “Көкшетау” ұлттық паркі барлық бизнес субъектілермен келісімшартқа отырды. Оның негізінде кәсіпкерлер әжетхана мен қосымша қоқыс жәшіктерін орнатады. Тиісті жұмыс басталып кетті.
Жиында көтерілген екінші сұрақ тұтынушылар құқықтарын қорғауға қатысты болды. Биыл бейінді департаментке 300-ге жуық шағым түскен. Өз наразылықтарын тұрғындар хат түрінде жолдаған. Жерлестеріміздің айтуынша кейбір сауда нүктелерінде тауардың бағасы көрсетілмейді. Сатушыдан сұрап қана білуге болады. Мұндай бұзушылықтар көбіне базарларда тіркеледі екен.
ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
– Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бей-берекет көтеру. Бізге мұндай да шағымдар түсіп жатады. Өтініштер қаралды. Фактілер расталды. Жұмыртқа мен май және тұз бағасы көтерілген. Кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Департаменттің аудандарда қызметкерлері жоқ. Сол себепті, көбіне шағымдары қала тұрғындарынан келіп түседі. Дегенмен, шалғайдағы елді мекен тұрғындары осы мамандардың көмегіне жүгіне алады.
Алдияр Айтпаев