Қоғам

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының атқарған жұмысы

Президенттің жарлығымен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы департамент болып қайта құрылды. Аталған ведомствода мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметі туралы барлық дерек жинақталады. Алғашқы 6 айдағы ақпар мынадай:

ШОҚАН ҚҰЛДАНОВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша департаментінің бастығы:

– Алғашқы жартыжылдықта облыс аумағында қылмыс 20,1 пайызға төмендеді. Жекелей тоқталсам, қасақана кісі өлтіру – 46,2 тонау – 21,7, ұрлық – 24,8, ал алаяқтық 13,1 пайызға азайды. Төмендеу үрдісі Тайыншадан басқа аймақтың барлық ауданында байқалады.

Заңның ала жібін аттау қоғамдық орындарда әлі де тіркеледі. Дегенмен, бұл бағыттағы бұзушылық өңірімізде қаңтар-маусым аралығында 9,7% төмендепті. Журналистермен жүздесуде департамент бастығы Шоқан Құлданов “Қылмыс картасы” жайлы да баяндады. Комитет порталында орналасқан карта кез келген адамға көмегін тигізеді.

ШОҚАН ҚҰЛДАНОВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша департаментінің бастығы:

– Картадағы облысты таңдау арқылы сол өңірде тіркелген барлық қылмыспен танысуға болады. Заң бұзушылық қай жерде және нешеде жасалды? Қандай факті тіркелді? Міне, осы сынды сұрақтарға жауап табылады. Динамикаға сүйене отырып, қаланың, ауданның ең криминогендік тұстарын да анықтай аламыз. Бұл баспана аларда немесе жалдарда кез келген адамға қажет дерек деуге болады.

Баспасөз конференциясында департамент көрсететін мемлекеттік қызметтер жайлы да айтылды. Қызметтің бірі – соттылықтың болу немесе болмауы туралы анықтама беру.

ЗАРИНА АҚПАНОВА, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша департаментінің аға прокуроры:

– Адам соттылықтың болу немесе болмауы туралы қағаз анықтаманы тек шетелге шыққанда алады. Ал ҚР аумағында бұл анықтама электронды үлгіде жүргізіледі.

Департамент бұдан бөлек те қызмет түрлерін көрсетеді. Олармен www.egov.kz порталы арқылы жақынырақ танысуға болады.

 

Байболат Култанов