Ұлттық спорт десе делебесі қозатын жұртшылық Бескөл ауылына жиналды. Ат жарыс, қазақ күресі, көкпар және тағысын тағы. Кешкі 9-да басталған ұлттық ойындар спартакиадасына жиналған халықтың қарасы қалың. Іс-шараның шымылдығы би қойылымымен ашылды.
Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Киіз үйлер де құрылыпты. Ақ орамал тағынған келіншектер күбімен қымыз пісіп, бауырсақ дайындауда.
Батаменен ел көгерер. Ақ тілек қашанда жанға қуат береді. Игі дәстүріміз бұл күні де ұмыт болмады. Осы сәтте ауылға сыйлы қарияға сөз берілді.
Ақ батадан кейін облысымыздың барлық аудандарынан аттың құлағында ойнап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған озық спортшылар таныстырылды. Қазақи нақышта киінген ұл-қыздар бір-бір атты тізгіндеп ортаға шыға бастады. Аудандарының аты жазылған туды көкке желбіретті.
Аманғали Бекболатов – Қызылжар ауданының мықтысы. Тепсе темір үзер көкпар мен бәйгені назарсыз қалдырмайтын көрінеді.
АМАНҒАЛИ БЕКБОЛАТОВ, шабандоз, Қызылжар ауданы:
– Жалпы, дайындық өте жақсы. Соңғы күні қорытындысы бойынша Қызылжар ауданы 1-ші орын алады деген ойдамын. Біздің қызылжарлық топ барлық спорттық жарыстардан олжалы оралады. Үнемі үштіктің ішіндеміз.
Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін осы жерде. Жарыс үшін жан-жақтан жиналғандар. Өз аудандарының жанкүйерлері де жоқ емес.
– Шара жақсы өтіп жатыр, көңілден шығып жатыр. Халық та жиналып жатыр.
– Өзім ат жарысты көруге келдім.
– Мен Ақжар ауданынан келіп жатырмын. Өте жақсы іс-шара өтіп жатыр. Дайындығы да тамаша, керемет.
– Бағана біраз аударыспақ тамашаладық. Қандай әдемі қазақтың жігіттері. Мықты барлығы.
Іс-шара әрі қарай шоумен жалғасты. Бишілердің отшашумен би билегендері көздің жауын алады.
Жалпы, дүбірлі дода 12 спорт түрінен тұрады. Қатысушылардың саны 800-ге жуықтап отыр.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Бүгін жыл сайын өткізілетін спартакиаданың ашылу салтанаты болып жатыр. Бұл жарыстың мақсаты – ұлттық спорт түрін жаңғырту. Біз бүгін жеңімпаздарды спорттың 2 түрі бойынша анықтадық. Бірінші -қазақ күресі бойынша Аққайың ауданы жеңді. 2-ші – қол күрестіру бойынша қызылжарлықтар топ жарды.
Спартакиада шілденің 29-ызына дейін жалғасады.
Акжунис Мухатай