Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Айдарбек Сапаров жастармен кездесті

Жалынды қыз-жігіттердің мұң-мұқтажы тыңдалып, еңбегімен көзге түскендер марапатталды. Бүгін аймақ басшысы Айдарбек Сапаров облыстық әкімдік қабырғасына жастармен кездесті. Басқосу Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылды. Өңір жетекшісі жалынды жастардың өңір дамуына зор үлес қосатындығына сенім білдірді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздердің СҚО-ның гүлденуіне күш-жігерлеріңізді салып, қызмет ететіндеріңізге сенімдімін. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қолдауды көрсетеміз. Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Көптеген мәселелер бар. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруда, халқымыздың өмір сүру жағдайын жақсартуда біз бірлесіп абыройлы еңбек етуіміз қажет.

Жалпы, бүгінде өңір халқының 25%-ы жастардан тұрады. Өткен жылмен салыстырғанда қыз-жігіттердің қатары 37 мыңға артқан. Бұл дегеніміз мемлекеттік жобалар мен облыста атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беруде. Мәселен, биыл “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында ауылдарға 430 маман жіберілген. Оларға жиынтық көлемі – 148,4 млн теңге көтермеақы беріліпті. Айта кетейік, маусымда өңірде республикалық “TULGA BOL” акциясы ұйымдастырылды. Шара жастарға жұмыс тауып, өз ісін ашуға деген алғашқы қадам жасауға мүмкіндік берді.

АСҚАР ХАБИБУЛЛИН, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Өңірімізді жылжымалы автобус аралады. Ондағы мамандар жастарға оларға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді. 18 бен 35 жас аралығындағы жандар мамандарға толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 139 азамат “Жастар тәжірибесі” жобасы аясынжа тәжірибеден өтуге жіберілді. Тағы 133 жас маман “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісімшарты” бағдарламалары бойынша жұмысқа орналастырылды. Биыл “Жасыл ел” қозғалысын дамыту бағытында 665 адамды еңбекпен қамту көзделген.

Кейін кезек сұрақ-жауапқа берілді. Өңір жетекшісіне өз сауалын бірінші болып ерікті Әлфараби Мыңбай қойды. Азамат баспана мәселесін көтерді.

ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, ерікті:

– Өңір жастары басқа өңірлерге кетіп жатыр. Сол жастарды осы облыста сақтап қалу үшін пәтер мәселесі шешілсе. Осы жайында айта кетсеңіз.

Осы ретте Айдарбек Сапаров “Дипломмен ауылға” бағдарламасына тоқталды. Бұл жоба аясында елді мекендерге келген мамандарға баспана ұсынылады. Жергілікті кәсіпкерлер де жас еңбеккерлеріне үй салып береді. Кейін жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері сөз алды. Ғ.Мүсірепов ауданындағы орталықтың директоры Инна Ербатырова қаржыландырудың аздығын алға тартты.

Ал облыстағы еріктілер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова орталық қызметкерлерінің жалақысы төмен деді. Бұл мәселені де Айдарбек Сапаров біржақты ететіндігін айтты. Жиын соңында өңіріміздің белсенді жастары марапатталды. Еңбегі еленгендердің бірі – Мария Симонова. Алғыс хат нәзікжандыға ерікті болғандығы үшін емес, адам өміріне араша түскені үшін берілді.

МАРИЯ СИМОНОВА, ерікті:

– Оқиға биыл қаңтардың 1-і күні болды. Жұмысшы кентінде бір үйдің қасынан өтіп бара жатқан едім, сол үйден өрт шығып жатқанын көріп қалдым. Әрине, бірден көмекке ұмтылдым. Ойланбастан ішке кірдім. Әбден әлсіреп қалған 30 жастағы ер адамды сыртқа алып шықтым.

Бұдан бөлек жиында қала мен аудандардағы ресурстық орталық жетекшілері мен еріктілері марапатталды.

 

Алдияр Айтпаев