Қоғам

SMM – кәсіпті дамытудың тиімді құралы

SMM маманы – еңбек нарығында зор сұранысқа ие. Бүгінде әлеуметтік желілерді пайдаланбайтын адам кемде кем. Ғаламтор – біреулер үшін жәй ғана ақпарат әлемі, таныстық алаңы болуы мүмкін, ал біреулер үшін нағыз табыс көзі. Бір қызығы, маман болу үшін арнайы жоғары оқу орнын бітірудің қажеті жоқ. “Ең бастысы, ынта болса болғаны”,- дейді Альбина Ғалымова. Осы орайда Петропавлда “SMM – кәсіпті дамытудың тиімді құралы” атты тегін курс өтіп жатыр.

АЛЬБИНА ҒАЛЫМОВА, курс оқытушысы:

– Көптеген адамдар ғаламтордың әлеуетін дұрыс бағаламайды. SMM маман болу үшін әдемі суреттер мен stories салу жеткілікті деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Стратегиялық көзқарас, дұрыс аналитика болу керек. Әлеуметтік желілердің алгоритмі ешқашан бір орында тұрмайды. Әрдайым өзгеріп, жаңарып отырады. Сондықтан, барлығына бейімделе білу керек. Біз курста парақшаны дұрыс жүргізу, аудиториямен жұмыс істеу, ғаламтордың артықшылықтарын пайдалана білу секілді көптеген ақпарат береміз. Іс-тәжірибе жүзінде де көрсетеміз.

Біздің қоғамда “әлеуметтік желі – жастар отыратын жер немесе уақытты босқа құрту” деген түсінік қалыптасып қалғаны жасырын емес. Бірақ, білімде шекара да, шектеу де жоқ. Дамимын деген адам үшін жас айырмашылығы маңызды емес. Курсқа қатысушылардың бірі Роза Шәкенова заман көшіне ілесе беру керек дейді.

РОЗА ШӘКЕНОВА, оқыту курсына қатысушы:

– Халықтың көпшілігі әлеуметтік желіге бет бұра бастады. Жаңалықтарды Facebook, Instagram-нан оқиды деген секілді. Мен бұған дейін облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің парақшасын жүргізгенмін. Қазір өз парақшамды жүргіземін. Бірақ, әрине кәсіби деңгейде деп айта алмаймын. Барлығы орнында тұрмайды ғой. Заман көшіне ілесіп, талапқа сай болу керек. Аккаунттарымды танымал етіп, кәсіби түрде жүргізу үшін осы курсқа қатысуды жөн көрдім.

Оқутудың ұзақтығы екі аптаға созылады. Жұмыс күндері 4 сағаттан болады.

РОЗА ШӘКЕНОВА, оқыту курсына қатысушы:

– Арнайы тапсырмалар беріп жатыр. Үйде үй тапсырмасын орындаймыз. Түнгі 10-ға дейін орындау керек деген уақыт белгіледі. Бірақ, барлығы оңай деп айта алмаймын. Оқу деген инемен құдық қазғандай ғой.
Бүгін сабақтың 3-ші күні өтіп жатыр. Оған қоса, жаттықтырушымыз бізбен жеке-жеке жұмыс істейді. Әрқайсысымыздың парақшамызды талдайды. Профилімізді әдемілеп безендіру жағынан көмек көрсетіп жатыр. Сабақтар интерактивті түрде өтуде. Тек теория емес, практика түрінде де өтеміз.

Тегін оқытуға 30-ға жуық қыз-келіншек қатысып жатыр. Сәбина Ырсалиева – декреттік демалыстағы ана. Күнұзаққа үйде отырмай, жаңа білім меңгеруді жөн көрген. Ол курсқа бөпесімен бірге келіпті.

СӘБИНА ЫРСАЛИЕВА, оқыту курсына қатысушы:

– Бір күні кешкі уақытта маған күйеуім осы курсқа қатысып көруді ұсынды. Мен, әрине, бұндай курс бар екенін естігенде таңырқап қалдым. Бірден келістім. Себебі, бұл – мен үшін зор мүмкіндік. Байқап отырғандарыңыздай, мен декреттік демалыстағы анамын. Әр уақытымды пайдалы өткізгім келеді. Болашақта өз бизнесімді бастау жоспарда бар.

Жалпы, “Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту” орталығының мамандары “Мен кәсіпкермін” жобасы аясында қазан айының соңына дейін 6 бағыт бойынша курс өткізуді жоспарлап отыр. Олар: тігіншілік, smm, менеджер маркетплэйс, барбер, визажист және кондитер салалары. Бүгінде тігін тігу курсын 20 нәзікжанды аяқтап, сертификаттарын қолдарына алыпты.

ИРИНА ВАСИЛЬЕВА, СҚО әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджер-кеңесшісі:

– Бұл оқытылып жатқан бағытардың барлығы дерлік қызықты, сұранысқа ие салалар. Жақын арада менеджер маркетплэйс бойынша оқыту басталады. Қатысқысы келетіндердің қатары көп. Қазір өзінде топқа 32 адам жиналып қалды. Оқытатын тренер арнайы Алматы қаласынан келеді. Басқа бағыттарға қатысатындардың саны да толығып жатыр.

Курс соңында қатысушылар алған білімдерін қорытындылайтын тест тапсырады. Мамандар барлық 6 сала бойынша 130-дан астам әйелді оқытуды жоспарлап отыр.

 

Аснурия Абдула