Ауыл шаруашылығы

Ғ.Мүсірепов ауданында шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр

«Қыстың қамын жазда ойла» дегенді басты назарда ұстайтын Ғ.Мүсірепов ауданының шаруалары шөп шабу науқанын 1 ай бұрын бастаған. Қазір іс қызу жүріп жатыр. Бұл – Бірлік ауылы тұсындағы «ES Global Agro» серіктестігінің шабындығы. Мамандар мал азығы ретінде биыл дәруменге бай шөп өсіріпті.

МАТВЕЙ СКОРНЯКОВ, «ES Global Agro» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Біз қазір судан шөбінің егістігіндеміз. Аумағы 800 гектарды құрайды. Бүгінге дейін 300 гектардағы мал азығы орылды.

Шабындық басында 3 техника жүр. «ES Global agro» серіктестігінде жақын маңдағы ауылдардың да тұрғындары еңбек етеді. Таңмен таласа тұратын олар жалақыға кіріктіріп, бірнеше тіркеме шөп алады. Александр Гельцер аудандағы іргелі агроқұрылымда 10 жылдан астам жұмыс істейді. Азамат шөп шабу науқанына жылда білек сыбана қатысады.

АЛЕКСАНДР ГЕЛЬЦЕР, «ES Global agro» ЖШС механизаторы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Осыдан бір ай бұрын шабындыққа шалғы түсірдік. Бір күнде 40 гектар жерді еңсереміз. Ауылда күн көру үшін мал ұстау керек. Ал малға азық қажет. Сондықтан, күнделікті тынымсыз еңбек етеміз. Өзім малға қажетті шөпті жеткізіп алдым.

Жалпы, Бірлік ауылдық округінде 1200-ге жуық адам тұрады. Оның 22-сі – мүгедектігі бар тұрғын, 190-ға жуығы зейнеткер болса, 15-сі – көпбалалы отбасы. Халықтың дені мал ұстап, күн көріп отыр.

МАТВЕЙ СКОРНЯКОВ, «ES Global agro» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Қазіргі уақытқа дейін дейін 450 тонна мал азығын дайындадық. Шөппен ауыл тұрғындары, зейнеткерлер, көмекке мұқтаж жандар және қызметкерлер қамтамасыз етілуде. Жұмысшыларға шөптің тоннасы 12 мың теңгеден сатылады.

Агроқұрылым өкілдері биыл 1000-1100 тонна шөп шабуды мақсат етіп отыр. Оның бір бөлігі серіктестіктің кешендеріне жеткізіледі. Қазір мұнда 250 ірі қара мен 30 жылқы бар. Басшылық болашақта тұяқтылардың басын көбейткісі келеді.

МАТВЕЙ СКОРНЯКОВ, «ES Global agro» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– 250 ірі қара малдың 70-тен астамы – аналық. Осы жылы өз қаражатымызға бұзаулар сатып алдық. Қазақтың ақбас сиырын көбейткіміз келеді. Келесі жылы 100 басын алсам ба деп отырмын. Бізді қызықтыратын бағыт – ет өндірісі. Қазір сатуға 40 бұқа айын тұр. Әзірге, қандай бағамен және кімге сататынымыз белгісіз. Қарастырып жатырмыз.

Осы күнге дейін Ғ.Мүсірепов ауданында 32 мың тоннадан астам шөп жиналған. Жалпы, биыл облыс бойынша мал азығына деген қажеттілік 940 мың тоннаны құрайды.

 

Аснурия Абдула