Жазғы демалыс – білім нысандарын қайта қалпына келтіретін уақыт. Биыл өңірде шамамен 50 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда, белгілі себептерге байланысты кейбір оқу ошақтарындағы жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталмайтын көрінеді.
НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Бірнеше мектепте жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалуы мүмкін. Айыртау ауданындағы Новосветловская мектебінде қайта қалпына келтіру жұмыстары тек 15 пайызға, Тайынша ауданындағы Донецкое мектебінде 10 пайызға ғана атқарылған. Жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілмей жатыр. Себебі, құрылыс материалдары жетіспейді және жұмысшы саны аз. Ғ.Мүсірепов ауданындағы Ломоносов мектебінде де жөндеу жұмыстарының тек 40 пайызы істелген. Бұл білім ұясында да оқу жылына дейін үлгермейді. Осындай мәселе тағы 15 мектепте туындап отыр.
Аймақ басшысы барлық жауапты мамандарға мектептерді жөндеу жұмыстарын тамыздың 25-сіне дейін аяқтауды тапсырды. Жыл сайын өңірде білім саласын дамытуға едәуір қаражат бөлінеді. Биыл аталған мақсатқа 138 млрд теңге ақша бөлінді. Бұл – жалпы облысты қаржыландырудың 30 пайызын құрайды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Кемшілікті жою үшін үлкен жұмыс жасау керек. Соған бүгіннен бастап кірісіңіздер. Қандай мектептер дайын емес? Уақыт аз қалды. Санаулы уақыт – бір-ақ ай. Бір айдың ішінде бүкіл жұмыстарды бітіріп тастау керек. 1-ші қыркүйекте мектеп дайын болуы керек. Бүкіл әкімдерге осыны айтып жатырмын.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – өңірдегі спорт саласын дамыту. Соңғы 5 жылда бұл саланы қаржыландыру көлемі 6 млрд теңгеге артты. Биыл спорт саласына бюджеттен шамамен 11 млрд теңге бөлінді. Бұл жаттықтырушылар мен мұғалімдердің жалақысын көтеруге, аудандарда заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға, облыс тұрғындарының қатысуымен өтетін түрлі спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Жалпы, өңір халқының 42 пайызы салауатты өмір салтын ұстанады. Соңғы жылдары балалар спортын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Өңірде 5-17 жас аралығындағы 90 мың бала бар. Олардың 46 мыңы тегін спорт үйірмелерімен қамтылған және мемлекеттік спорттық тапсырысқа байланысты ақылы үйірмеге баратын балаларды тегін түріне ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 3 мыңға жуық бала спорттың 15 түрі бойынша тегін үйірмемен қамтамасыз етіледі және Саумалкөл, Явленка, Пресновка мен Новоишимде спорттық-сауықтыру кешенін салу жұмыстары қарқын алды.
Аймақ басшысының айтуынша, облыста спорт саласы қаржыландырылып жатыр, қолдау да бар. Бірақ, спортты өркендету жұмыстары көңіл көншітпейді. Айдарбек Сапаров спорттық инфрақұрылымды дамытып, тұрғындарға қолжетімді етуді тапсырды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, Петропавл мен аудан әкімдеріне барлық спорт нысандарына мониторинг жүргізіп, жағдайын жақсартуды тапсырамын. Қазанның 1-іне дейін уақыт беремін және спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін қолданысқа берілуі керек.
Облыстық білім басқармасы аймақ басшысының тапсырмасын жаңа оқу жылына дейін орындауы тиіс. Ал дене шынықтыру және спорт басқармасы солтүстікқазақстандық спортшылардың алда болатын Азия ойындары мен Олимпиадаға дайындығын басты назарға алуы керек.