Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтініштерді қабылдау тоқтатылды. Өңірімізге бөлінген 1,8 млрд теңгеге 250 өтінім қабылданыпты. Тұрғындар бағдарламаға іске қосылғанынан бастап белсенді ат салысты. Алғашқы айда жалпы сомасы – 950 млн теңгені құрайтын 120 өтінім берілген. Негізінен, ауыл тұрғындарының жылқы, ұсақ, және ірі мал шаруашылығын дамытуға деген ниеті мол. Содан кейінгі кезекте – жүк тасымалдау мен сауда. Бірінші мақұлданған жоба – Бескөл ауылы тұсындағы тасжол бойында өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орны. Жалпы, бұл – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған бағдарлама. Оған жұмыссыз азаматтар, кәсіпкерлер, қысқартылған жұмысшылар, жеке қосалқы шаруашылықтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатыса алады. Басты шарт – олар бизнес жобаларын ауылды жерлерде жүзеге асырулары керек.
Акжунис Мухатай