Қоғам

Суда сақ болыңыз

Соңғы 10 жылдағы статистикаға сүйенсек, аққайыңдар өлкесінде 216 адам өзен-көлдерде ажал құшқан. Оның 34-і – бала. Ескерер жайт, көз жұму фактілерінің барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде тіркелген. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Кирилл Иванников мәлім етті.

КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Біздің облыста 60-қа тарта өзен және 2 мыңнан астам көл бар. Бірақ, соның барлығында бірдей шомылуға болмайды. Тиісті қаулыға сәйкес, 13 көл мен Есіл өзені бойындағы 60 жаппай демалыс орнында ғана бос уақытты тиімді өткізуге рұқсат етіледі. Осыны қатаң ескеруді сұраймыз! Әр адамның өмірі өз қолында екенін ұмытпау керек.

Өңірімізде жыл артқан сайын өзен-көлдердегі өлім-жітім фактісі азайып келеді. Мысалы, өткен жылға оралып, сәйкес кезеңдегі сандармен таныссақ, 4 адамның су құрбаны болғанын көреміз. Брифинг барысында басқарма бастығы биыл облыста 3 тұрғынның ажал құшқанын айтты. Петропавлда – балықшы, ал Қызылжар мен Жамбыл ауданында шомылуға келген азаматтар көз жұмған. Қайғылы жайты болдырмас үшін жауапты мамандар түрлі шараларды қолға алуда. Олардың арасында балаларға арналғаны да бар.

КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Болатбаев көшесінде орналасқан №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде арнайы мектеп жұмыс істеп тұр. Ол жерге ата-аналар, балалар алдын ала бекітілген кестеге сәйкес келіп, судағы қауіпсіздік ережелерімен жақынырақ таныса алады. Біздің мамандар барлығын түсіндіреді. Сабақ ақысыз негізде жүргізіледі.

Брифинг соңында азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Кирилл Иванников өзге облыста немесе өзге елде демалуды жоспарлаған жерлестерімізді де тиісті ережелерді ескеруге шақырды.

 

Байболат Култанов