Бұл – Ғ.Мүсірепов ауданындағы Бірлік ауылы тұсындағы «ES Global Agro» серіктестігінің егістігі. Жалпы, егістік алқабы 20 мың гектарды құрайды. Оның 16 мыңын бидай алып жатыр. Сондай-ақ, агроқұрылым басшысы Матвей Скорняков биыл тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы картоп өсіруді жөн көрген. Картоптың “галла” және “радрига” деп аталатын екі сұрпын еккен екен.
МАТВЕЙ СКОРНЯКОВ, «ES Global agro» ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:
– Бұл жердің аумағы 300 гектарды құрайды. Біз биыл дәнді дақылдарды ғана емес, картоп өсіруді де қолға алдық. 45 гектарға картоп, 65 гектарға жүгері және тап сондай аумаққа жоңышқа ектік. Тамшылатып суару әдісін қолданып жатырмыз.
Іскер азаматтың айтуынша, биыл жауын аз жауған. Десе де, картоп әжептәуір көтеріліп қалыпты. Оған осы тамшылатып суару әдісінің ықпал еткені айтпаса да түсінікті. Жалпы, бұл жобаны іске асыру үшін шамамен 1 млрд теңге көлемінде қаржы кеткен.
АСНУРИЯ АБДУЛА:
– Мына 300 гектар жерді суару үшін 3 айналмалы егістік суару техникасы сатып алынған екен. Енді серіктестік озық технологияның көмегімен картоптың өнімділігін арттыруды көздеп отыр.
МАТВЕЙ СКОРНЯКОВ, «ES Global agro» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Гактарына қанша өнім алатынымыз әлі белгісіз. Дегенмен, шығымы жақсы болатын сияқты. Мол өнім алсақ, картоптың аумағын 80 гектарға дейін кеңейтеміз. Қажет жабдықтарды әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы сатып алдық. Осы суармалы алқапта екі John Deere тракторы, егін егу және жинау машиналары жұмыс істейді.
Айналмалы егістік суару техникасы – бұл нағыз озық технологияның көрінісі. Артық шығын шығармайды. Уақытты үнемдейді. Алқапты бірқалыпты әрі тегіс суарады. Суару процесі таңертең және кешке
жүргізіледі.
ВЛАДИМИР ЗАВЬЯЛОВ, «ES Global agro» ЖШС бригадирі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Жалпы, 3 құрылғыны шамамен 3 ай ішінде құрастырып шықтық. Шетелден арнайы мамандар шақырдық. Мен де Көкшетау қаласында осы техниканы қолдануды үйретуге арналған курс пен семинарға қатыстым. Суару жүйесін қашықтықтан планшеттің көмегімен басқарамыз. Қай жерде жылжып жүргендігін де көріп отырамыз. 3 күнде толық бір айналым жасауы мүмкін. Ол біз қойған уақытқа байланысты. Бір айналымға шамамен 400 текше метр су кетеді.
Бірлік ауылы ерке Есіл жағасында орналасқаны белгілі. Яғни, суарылатын су көзі – өзен. Ол үшін өзен жағасына екі сорғы орналастырылған екен. Жалпы, бұл егістік алқабында 4 адам жұмыс істейді.
Жалпы, бұл – Ғ. Мүсірепов ауданында орнатылған алғашқы тамшылатып суару жүйесі. Сондай-ақ, қазіргі таңда “Астық-Привольный” серіктестігінде де 350 гектарға арналған суару техникасы қосылып жатыр. Яғни, басқалары да осындай тиімді үлгідегі жүйеге бет бұруда.
ЕРЛАН ӘДІЛБЕКОВ, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:
– Биыл Ғ.Мүсірепов ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 687 мың гектарды құрады. Оның ішінде астық – 565 мың га, майлы дақылдар – 70 мың га, мал азығы 45 мың гектарды қамтыды. Картоп пен көкөніс 7 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Ауданда суарылатын алқап көлемін 650 гектарға жеткізу жоспарлануда. Мұның барлығы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша іске асырылып жатыр. Яғни, басты мақсат – мол өнім алу арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын арзандатуға ықпал ету.
Жалпы, 2023 жылы өңірде 5 мың гектарға жуық егіс алқабы осындай ақылды қондырғылар арқылы суарылатын болады. Қазіргі уақытта суару жүйесін барлығы – 30 серіктестік қолданып жатыр.
Аснурия Абдула