Петропавлда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын шымылдығын облыс әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Сейілхан Серікбаев ашты. Ол жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылап, жоспармен бөлісті. Алғашқы 6 айда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына басымдық беріліпті. Мұнда моральдық-психологиялық ахуал нашарлап кеткен екен. Соны жою бойынша кездесулер, жеке тілдесулер ұйымдастырылған. Мінберге екінші болып Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне қарасты департаменттің облыс бойынша бөлім бастығы Айдар Мұқанов шықты. Оның сөзінше, жыл басынан бері теріскейлік мемлекеттік қызметшілер жала жабу, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішу, темекі шегу, тұрмыстық жанжал сынды 436 әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген. Жауапқа тартылғандардың саны 142 адамды құрайды.
АЙДАР МҰҚАНОВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің СҚО бойынша бөлім бастығы:
– 4-ші ақпан күні Ақжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы қоғамдық орынды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай ағаттыққа Шал ақын ауданына қарасты Тайынша ауылдық округінің әкімі де жол берді. Мемлекеттік қызметші 4-ші қаңтарда жаза арқалады. Ал агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстағы бас маманы алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орынға мас күйде шыққан. Ол да жазасыз қалмады.
Тағы 4 мемлекеттік қызметшінің отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға қатысы болған. Олар да жауапкершілікке тартылыпты.
АЙДАР МҰҚАНОВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің СҚО бойынша бөлім бастығы:
– Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының бас маманын 19-шы сәуірде Уәлиханов аудандық соты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында заңға қайшы әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 2 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза қарастырылды.
“Мамлют” орман шаруашылығының орманшы-инспекторына жаза тағайындалмады. Ол отбасылық-тұрмыстық жанжал кезінде денсаулыққа
қасақана жеңіл зиян келтірген. Алайда, уақыт өте тараптар татуласқан. Ал орманшы-инспектордың ішімдік ішіп, көлік басқарған әріптесі жазадан құтыла алмады. “Соколов” мекемесінің өкілі 15 тәуліке қамалып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айрылған.
Байболат Култанов