ТКШ

“Қызылжар су” биыл желілерді жөндеуге 162 млн теңгеден астам қаржы бағыттады

162 млн теңгеден астам сома. “Қызылжар су” серіктестігі биыл өзіне қарасты желілерді жөндеуге осынша көлемде қаражат бағыттаған.
Бұл туралы қоғамдық тыңдауда айтылды. Жиында мәселелер жайлы да сөз болды. Жүйеде болатын апаттар саны азайғанымен түйткілдер әлі де баршылық. Су құбырларының 60 пайызы тозып тұр. Кәріздік жүйенің де ахуалы мәз емес.

ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС директоры:

– Көліктердің тозу көрсеткіші орташа алғанда 80 пайызды құрайды. Техниканың 36 пайызы ғана жағдайы жақсы және қанағаттарлық күйде деп бағаланып отыр. 55 данасы нормативтік мерзімі таусылса да пайдаланып келеді. Оларды ауыстыру қажет.

Қоғамдық тыңдауда кәсіпорын директоры тарифтің көтерілуін қозғады.
Сумен қамту бойынша баға – 7%, кәріздік жүйе бойынша 10%-ға өскен.
Нәтижесінде серіктестік инвестициялық бағдарлама көлемін кеңейтіп, қызметкерлерінің жалақысын арттырған. Кәсіпорынның атқарушы директоры Арман Саутовтың айтуынша өзекті мәселердің бірі – тұрғындар тарапынан қарыздың көп болуы.

АРМАН САУТОВ, “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:

– Бізге тұрғындар шамамен 39 млн теңге қарыз. Бізде 96 мың тұтынушы бар, соның 93 мыңы тұрғындар болып саналады. 3600 – бұл заңды тұлғалар, сол себепті, қарыздың көп бөлігі азаматтарға тиесілі. Берешекті сот арқылы өндіріп алуға тырысып жатырмыз, Бүгінде 16 млн теңгеге талап-арыз жолдап қойдық.

«Қызылжар су» мамандары қарыздық міндеттемелерді рәсімдеу мақстатнда ай сайын 80-ге жуық өтінім әзірлейді екен.