ҚР Ұлттық экономика министрлігі елді мекендердегі өңірлік стандарттар жүйесін қайта қарады. Басты мақсат – әрбір ауылда халықтың қалыпты жағдайда өмір сүруін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, ауыл жұртының жаппай қалаға көшуінің алдын алу. Осы мақсатта жүйеге біршама маңызды өзгерістер енгізілді. Мәселен, ескі стандартта ауылда 10 әлеуметтік нысан болуы керек делінсе, енді ол 20-ға өсті. Ал республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы нысандар саны 25-тен 41-ге артты. Олар: мектеп, аурухана, пошта, балабақша, мәдени сауықтыру кешені және т.б. Ауылдарда мектептер көп жағдайда ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмей, құлауға шақ тұрады. Сондықтан, енді нысандардың бар болуы ғана емес, техникалық жағдайы да есепке алынады. Жалпы, статистикаға сүйенсек, еліміздегі 6,3 мың ауылдың 786-сы ғана әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етілген. 2,8 мыңы орташа деңгейде қамтылған. Ал қалған 2,7 мың елді мекенде өмір сүру деңгейі төмен болып саналады. Тіпті, оларда қажетті әлеуметтік игіліктердің 50 пайызы да жоқ екен. ЭҰМ мәліметінше, алдағы екі жылда барлық орталық мемлекеттік органдарға өңірлерді дамытуға 3,2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлу қарастырылған.
Аснурия Абдула