1-ші шілдеден бастап көліктер шекарадан электронды кезек жүйесі арқылы өтіп жатыр. Мұндай қадамды ел билігі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасады. Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаевтың сөзінше,
жаңашылдық өткізу пункттерінде кептеліс болдырмас үшін енгізілді.
ЕЛДОС САУДАБАЕВ, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бақылау департаментінің директоры:
– Электронды кезек жүйесі тауарлар мен көліктердің қозғалысын реттеуге және ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мәселен, үшінші елдермен мемлекеттік шекарадағы 10 автомобиль өткізу пунктінде барлық тасымалдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін электронды кезек жүйесі енгізілді. Кезекпен барлық ықтимал манипуляциялар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алынып тасталды. Нақты кезекте тұрып, күту де алынды.
Бүгінгі таңда 27 мыңнан астам тұлға электронды кезекті пайдаланған. Ал жүрген автокөлік саны 89 мыңға жуықтайды. Қоса кетейік, халықаралық тәжірибеге сүйене отыра жүргізілген жұмыс қазынаға түсетін қаржының ұлғаюына да алып келмек.
ЕЛДОС САУДАБАЕВ, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бақылау департаментінің директоры:
– Тауар айналымын ұлғайту және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2023 жылдың 1-жартыжылдығында Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында бөлінгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетіне түскен кедендік төлемдер мен салықтардың көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға жоғары.
Түсімнің ішінде импортқа арналған қосылған құн салығы 890 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71 пайызға көп.
Байболат Култанов