Жаз – балалардың демалатын, асыр салып ойнайтын уақыты. Қаламызда балғындарға арналған сауықтыру лагерлері мен клубтар жоқ емес. Бірі қаланың қақ ортасында болса, бірі – сыртында. Дегенмен, барлығы бірдей қызыққа толы. Солардың бірі және бірегейі – “Көктем” балалар-жасөспірімдер клубы. Заречный кентінде орналасқан мекемеде спорттық және шығармашылық бағыттағы үйірмелер бар. Атап айтқанда, футбол, карате, ән мен би, шахмат. Әр үйірме 1 жарым сағат шамасында өткізіледі.
ӘСЕМГҮЛ ӘБДІРАХМАНОВА, “Көктем” балалар-жасөспірімдер клубының педагог-ұйымдастырушысы:
– Бізге келетін балалардың саны көп. Біздің есігіміз таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін ашық. Мұғалімдер кесте бойынша жұмыс істейді. Бұл клубқа тек Заречный кентінде тұратын балалар ғана емес №9,№23, №4 мектептен, Жұмысшы кентінен де келіп жатады.
“Көктем” клубы жылына 500-ден астам бала қабылдайды. Ал осы айда 40-қа жуық жеткіншек келіп жүр екен. Бүгін “Жаздың түрлі түсті көңіл-күйі” атты боди-арт шарасы өтуде. Балалар қолдарына қылқалам мен бояуларын алып үстел басына жайғасқан. Барлығы қағазға салынған суреттің ішін бояумен айналысып жатыр.
Балалардың ой-өрісі мен танымын жоғарылатуға “Жазғы академия” лагері де үлесін қосуда. Маусымның 12-сі басталған академияның бүгін 4-ші – “Happy holydays” маусымы ашылып жатыр.
ДИНА ӘБІЛМӘЖИНОВА, Оқушылар сарайының директоры:
– Осы маусымға дейін біз 1000-нан аса баланы қабылдадық. Өткен жылдары бағдарлама жалпылама түрде болатын. Кейін мұғалімдер мен ата-аналармен ақылдаса келіп бір маусымды тек бір бағыт бойынша жүргізуді шештік. Мысалы, 1-ші ауысым технология бойынша, 2-шісі биологиялық бағыт бойынша өткізілді. Ал қазіргі маусым математика саласына бұрылып отыр.
Математикалық тұрғыда сауатты болу үшін жиналған балалардың саны 200-ге жуықтайды. Барлығы 7-ге бөлініп 22 топты құрады. Солардың арасында 10 жастағы Мәдина Әубәкірова да бар. Жеткіншек академия ашылған сәттен бастап келіп жүр екен. Жыл сайын математика маусымына қатысатын бұрымдыны сандар құпиясы қызықтырса керек.
МӘДИНА ӘУБӘКІРОВА:
– Мен жыл сайын Оқушылар сарайына осы лагерь үшін келемін. 1-сыныптан бері қатысып келе жатырмын. Тапсырмалар орындаған ұнайды. Онымен қоса балалармен ойындар ойнаймыз. Өзара жарысамыз. Кейбір есептерді шығару қиынға соғып жатқанымен өте көңілді өтуде.
Ал “Аққайың” лагерінде қазір 3-ші маусым өтіп жатыр. Бұл жолғы ауысымды “Олимп шыңы” деп атауды жөн көріпті. Атынан байқалғандай бұл маусымда спорттық сайыстардың түрі көп болмақ. Балалардың бір легі далада концерт қойып жатса, қалғандары түрлі үйірмелерге қатысып жатыр.
Қазір лагерьде 100-ден астам бала сауығып жатыр. Мұнда балалардың демалыс уақыттары ұмытылмастай өту үшін барлық жағдай жасалған. Жайлы төсек-орын, таза ас бөлме және ойындар.
ДИЛЬНАЗ ҚАПЕН:
– Мен бұл лагерьге бірінші рет келіп тұрмын. Ал ағам бірнеше рет келген. Ағам мақтағандықтан мен де келіп көргім келді. Енді жыл сайын келетін боламын, достарым мен туыстарымды да ертіп келемін.
Жалпы, биылғы жазда түрлі ұйымдарда 4 мыңға жуық теріскейлік бала сауығуда. Оның 2 мыңнан көбі – әлеуметтік осал санаттағы балғындар.
КЕНЖЕБАЙ МӘКІШЕВ, облыстық білім басқармасының бас маманы:
– Жалпы, облыс бойынша барлығы – 11 лагерь бар. Осы жылы лагерьлерді жөнге келтіру үшін 96 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, лагерь жоқ ауылдарда 265 алаң бар.
Жазғы лагерьлер маусым аяқталғаннан кейін жұмыстарын тоқтады. Келесі жылға балаларды қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізеді.
Акжунис Мухатай