Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Атамекен» ҰКП басшысы өңір кәсіпкерлерімен кездесті

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Райымбек Баталов өңір кәсіпкерлермен кездесті. Жиында талқыланған тақырыптардың бірі отандық әуе компанияларының жүк тасымалдауына қатысты. Руслан Қасенов ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтарын сатумен айналысады. Кәсіпкер тауарды діттеген жерге ұшақпен жеткізу қымбатқа түседі дейді. Жүк шетелдік әуе компаниялары арқылы тасымалданатындықтан оның келуіне де біраз уақыт кетеді екен.
Ең тиімді жолы – тауарды елге өзіміздің ұшақтармен жеткізу дейді.
Іскер азамат қазақстандық әуе флотын, кедендік жүйе мен логистиканы дамыту қажеттігін айтты.

РУСЛАН ҚАСЕНОВ, кәсіпкер:

– Астанада жүкті қабылдауға арналған ашық алаң бар. Бірақ, оның өзі жабық. Онда тіпті жүктің бағытын шамалауға да мүмкіндік жоқ. Мысалы, мен Астанаға көлік жіберуім керек. Жетуін жетеді, бірақ қабылдайтын жүйе істемейді. Содан менің жүк тиелген көлігім тұралап қалады.

Жиында көлеңкелі импорт мәселесі де көтерілді. Сергей Домаевтың компаниясы астық экспорттаумен айналысады. Кәсіпкер шетелдік өнімнің заңсыз келуінен бірнеше жыл қатарынан шығынға батуда.

Көлеңкелі импорт отандық нарыққа орасан зор зиянын тигізуде дейді Сергей Домаев. Салық төлеуден жалтарған іскерлердің тауары анағұрлым арзан болып келетіндіктен, оларға деген сұраныс көп дейді кәсіпкер. Сол себепті, қазақстандық тауарөндірушілерге де бәсекеге сай баға қоюға тура келеді. Одан пайдасына қарағанда шығыны көп.

СЕРГЕЙ ДОМАЕВ, “Б Агро Север” ЖШС директоры:

– Бұл мәселе бірінші кезекте ауылшаруашылық тауарөндірушілердің кірісіне нұқсан келтіріп отыр. Бюджетке де қосымша құн салығы түріндегі төлем түспейді. Сондай-ақ, біздің тасымалдаушымыз біздің елден өтер кезде төленетін қосымша төлемнен қағылады. Біз астықтың мемлекеттік есебін енгізуді ұсынамыз, сонда егістіктен жиналған өнімнің тұтынушыға дейін жетуін түгел қадағалай алатын боламыз.

Осы ретте Райымбек Баталов өз ұсынысын ортаға салды. Мәселені шешуде түрік кәсіпкерлерінен үлгі алу қажет деді.

РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы:

– Түркия қолданып отырған тәжірибені қарастыру қажет. Бұл мәселені бизнес өкілдерімен егжей-тегжейлі талқылап, барынша заңдастыру үшін ұсыныс білдіру керек. Осы ретте кедендік одақ пен заң жағынан халықаралық мүмкіндіктерді пайдалану қажет.

Райымбек Баталов жиында көтерілген мәселелердің шешілу барысы жіті назарында болатынын айтты.

 

 

Гульден Симбаева