Облыс бойынша ішек инфекциясын жұқтырудың 151 фактсі тіркеліп отыр. Оның 32%-ы, нақтырақ айтқанда, 48-і – 14 жасқа толмаған балалар. Жаз келсе саны бірден артатын бұл дерттің дауасы біреу-ақ, ол – тазалық. Ұстану керек ережелері де қиын емес.
САЛТАНАТ БЕКҚОЖИНА, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Инфекцияның алдын алу үшін күнделікті өмірде қолданылатын бірнеше және оңай ережелер бар. Ең біріншісі, әрине, қолды жиі жуып отыру керек. Тамақ ішетін ыдыстың да таза болғаны абзал. Тез бұзылатын, шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтау керек. Ет пен жұмыртқа да мұқият қайнату мен қуыруды қажет етеді. Шыбын үймелейтін тамақ қалдықтарын уақытында қоқысқа тастап отыру керек.
Гигиеналық ережелер тек қол жуумен шектелмейді. Ағзаға баратын кез келген тағамды мұқият тазалау – сау денсаулықтың кепілі. Адам ағзасына пайдалы, дәрумені мол жеміс пен көкөністерді жумай жеу сан соқтырарлық салдарға әкеледі. Сонымен қатар, инфекция жұқтырғанын білсе де мамандарға жүгінбейтіндер қаншама. Үйде емделіп аламын деп ауруды асқындырып алып жатқандар да бар көрінеді.
САЛТАНАТ БЕКҚОЖИНА, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлім басшысы:
– Егер іштің ауырсынуы, құсу, іш өту, әлсіздік белгілері байқалатын болса, бірден дәрігерге жүгіну керек. Шөлдеу мен дене температурасы да осы белгілердің қатарына кіреді. Инфекция көзі – ауру адамдар мен бактерия тасымалдаушылар. Инфекция жұққан адам жұқтырушы болып есептеледі. Жұқпалылық ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.
Ішек инфекциясы балаларға тез жұғады. Күні бойы далада уақыт өткізетін ойын баласының есінен тазалықтың не екені де ұмыт болады. Дегенмен, өткен жартыжылдықпен салыстырғанда биылға жұқтырған балалардың саны азырақ.
Акжунис Мухатай