Күн желкемдеу болса да Пестрое көлінде біршама адам шомылып жатыр. Ал мұндай ауа-райында оқыс оқиға оп-оңай орын алуы мүмкін. Көбісі білетіндей, салқын суда сіңір тартады. Осыны ескеріп жауапты сала мамандары арнайы рейд барысында демалушыларға келді.
РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
– Шомылу маусымы басталғаннан бері 5 мыңнан аса рейдтік іс-шара өткізілді. Халыққа су айдынындағы қауіпсіздің ержелері түсіндіріледі. Тұрғындарға айтарым, суға мас күйде шомылмаңыздар, балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар және рұқсат етілген жерде ғана шомылу қажет.
Мамандар шомылуға рұқсат етілмеген орындарға көп көңіл бөледі. Себебі, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі тыйым салынған жерлерде тіркеледі. Тұрғындармен тілдесу барысында ішімдіктің де кесірі жайлы айтылды. Қауіпсіздік ережелерін қаншалықты білесіз? Осы сұрақты жағажайдағы адамдарға қойдық.
– Кішкентай балаларды қарап жүреміз. Оларды көз алдыңнан жібермеу қажет. Демалушылар да бір-бірін қарап жүргені абзал.
– Немерелеріммен келдім. Кішкентай немерем дұрыс жүзе алмайды. Соны көзден таса қылмай, қарап отырмын.
– Арнайы белгіленген жерден асып кетпеу қажет. Біз осында жиі келеміз.
Жалпы, қазір облыста 60-қа жуық су айдынында шомылуға болады. Қоса кеткен жөн, өңірде шомылу маусымы басталғалы бері 3 адам қаза тапты. Тиісті емес орындарда демалған 70 адамға хаттама толтырылды.
Гульден Симбаева