Облыс орталығында биатлоннан ел чемпионаты өтуде. Жыл сайын Петропавлда ұйымдастырылатын додаға биыл 5 облыстың кіл мықтылары жиналды. Мұнда қатысушылар 2 жас санаты бойынша бақ сынайды. Алғашқы топта 17 мен 19, ел екіншісінде 20 мен 22 жас аралығындағы спортшылар сынға түседі.
ИГОРЬ ИЛЬИН, биатлоннан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:
– Бірінші күні спортшылар жекелей сында күш сынасады. Алғашқы топ 5 айналымды, ал екіншісі 6 айналымды роллермен бағындырады. Сайыс барысында 5 нысананы пневматикалық винтовкамен атады. Сейсенбі күні чемпионат мәресіне жетеді. Онда спринт пен эстафета ұйымдастырылады.
Қарағандылық Владимир Батрынча – спорт шебері, Азия кубогының қола жүлдегері. 22 жастағы жігіт биатлонмен 8 жыл айналысады. Теміртау спорт-интернатының биатлон бөлімінде оқыған саңлақ теріскей өңіріне осымен 7-ші мәрте келіп отыр екен.
ВЛАДИМИР БАТРЫНЧА, биатлоншы, Қарағанды облысы:
– Бүгінгі жарыста тіркелген өзімнің көрсеткішім көңілден шықты. Сәл аяғымды ауыртып алғаным болмаса, 4 айналымды оңай бағындырдым. Соңында сәл шаршап қалдым. Қарсыластарымды осал деп айта алмаймын. Барлығы – жан-жақтан жиналған мықтылар.
Тамыз айының соңында теріскейлік биатлоншылар Щучинск қаласында өтетін Азия чемпионатына аттанбақ. Құрамда ел біріншілігіне қатысушы Эльдар Брюшков та бар. Жерлесіміз мергендік пен шапшаңдық сыналатын сайыстан олжалы қайтуды көздеп отыр.
ЭЛЬДАР БРЮШКОВ, биатлоншы, СҚО:
– Бүгінгі жарыс жеңіл өткен сияқты. Қазір нәтижемен танысамыз. Жеңістен үміттімін. Алдымен Петропавлда өтіп жатқан додада бірінші орын иеленгім келеді. Кейін Азия чемпионатында топ жаруға ниеттімін. Барымды саламын.
Биатлоннан жастар арасындағы ел чемпионаты 3 күнге созылады. Жеңімпаздар шілденің 25-і күні марапатталмақ.
Акжунис Мухатай