Қызылжар ауданындағы «Абакшино» демалыс аймағында жаға ұстатарлық жағдай тіркелді. Мұнда хайуанаттар бағының қызметкерін аю тістеп алды. Оқиға темір тордың ар жағындағы жыртқыш аңды тамақтандыру кезінде болды. Зардап шеккен адам – 43 жаста. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, жәбірленушінің сол қолын кесуге тура келген. Қазір мамандар оң қолды аман алып қалу үшін бар күшті салып жатыр. Айта кетейік, хайуанаттар бағында 3 аю бар. Әзірге жұмысшыны қандай жыртқыш тістегені белгісіз. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу амалдары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Гульден Симбаева