Құқық қорғау органдары

Биыл “102” арнасына 69 мыңға жуық қоңырау келіп түскен

Полиция қызметкерлерінің араласуын қажет ететін ақпар жедел басқару орталығына келіп түседі. Орталықта күніне тәулік бойы 8 адам кезекшілік атқарады. Мамандар бейнебақылау камераларының көмегімен қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалайды, “102” нөміріне келіп түсетін қоңырауларды қабылдайды, қылмыс болған жерге арнайы жасақ жібереді.

Қанат Қасенов, қалалық ПБ жедел басқару орталығы бастығының орынбасары:

– Жыл басынан бері жедел «102» арнасына азаматтардан 68 818 қоңырау шалынды. Соның ішінде осы 6 айдың ішінде бейнебақылау камералары арқылы 9 344 әкімшілік құқық бұзушылық әшкереленді. Үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде бейнебақылау инспекторларының көмегімен, осы қала орталығында орналасқан бейнебақылау камераларының көмегімен 107 қылмыс әшкереленіп, ашылды.

“102” арнасына келіп түскен 69 мың жуық қоңыраудың 22 мыңнан астамына қатысты жедел шара қабылдау қажет болған.
Бейнекамералар арқылы анықталған 9 жарым мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жартысынан көбінде жол ережесі бұзылған. “102” мобильді қосымшасы арқылы 100-ден астам хабарлама келіп түскен. Ол да жол қауіпсіздігіне қатысты. Облыс орталығында “SOS түймесі” деп аталатын 7 жабдық жұмыс істеп тұр. Дабыл түймесі адам көп жиналатын жерлерге орнатылған және онымен аудио-бейне байланысқа шығуға болады. Жүйені қажет болған жағдайда балалар да пайдалана алады. Жыл басынан бері SOS түймесі арқылы полицияға 8 хабарлама қабылданған.